Танымал блогердің әйелі: Мен жүкті болып қалғандықтан, дереу үйлендік

24.09.2026 17:15 Томирис САҒЫНДЫҚ
Танымал блогердің әйелі: Мен жүкті болып қалғандықтан, дереу үйлендік
115
Фото: instagram.com/ilnuranuranbekova/

Танымал блогер Айтуған Ғалымовтың жұбайы Ильнура Нуранбекова отбасылық өміріндегі қиындықтар, ажырасу себептері мен жеке дамудың маңызы туралы ашық айтты. Оның сөзінше, тез отбасын құру, қаржылық таршылық пен ажырасуға әкелген факторлар бір-бірімен тығыз байланысты, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы НТК арнасындағы сұқбатында айтты. 

Ильнура Нуранбекова отбасын құру тарихы, алғашқы жылдардағы материалдық қиындықтар мен бір-біріне бауыр басу кезеңі туралы айтып берді.

«Біз танысқан соң, арада бір ай өткенде жүкті болып қалып, дереу үйлендік. Біраз уақыт бірге жүргенімізбен, ол кезде бір-бірімізді толық танып үлгермеген едік. Аз уақыттың ішінде осындай шешім қабылдауға тура келді. Отбасын құрғаннан кейін ғана бір-бірімізді тани бастадық. Кейін арамызда сезім пайда болды. Бірақ бұл жердегі мәселе нағыз махаббат емес, бауыр басу еді. Өзара көрсеткен қамқорлығымыз бен жақсылығымыздан кейін арамызда эмоциялық байланыс қалыптасып, оны махаббат деп ойладық. Бұл сезім екі тараптан да болды. Бұған 100 пайыз сенімдімін, себебі отбасын құрған алғашқы жылдары үлкен қиындықтарды бірге еңсердік. Қаражат жағынан қатты қиналдық, жүкті кездерімде тамаққа ақша болмай, бір нанды екі күнге созып жеген кезіміз болды. Бұл сырт көзге ертегі сияқты көрінгенімен, басымыздан өткен шындық. Осындай таршылықты бірге жеңіп, аяққа тұрғандықтан, бір-бірімізге қатты бауыр басып кеттік. Негізінен, көптеген отбасы осындай бірінші кезеңдегі сынақтардан өте алмай жатады. Ал мен үшінші кезеңде сүріндім», – деді Ильнура Нуранбекова.

Сондай-ақ блогердің жұбайы отбасылық қарым-қатынастың даму кезеңдеріне тоқталып, өмірге деген көзқарастардың алшақтау себебін түсіндірді.

«Бірінші кезең – үйленгеннен кейінгі қаржылық қиындықтар мен қызғаныш сияқты сындар. Екінші кезең – бала дүниеге келгеннен кейін екі жақтың сууы. Ал үшінші кезең – балалар өскен соң, жұбайлардың бірге дамуы немесе біреуінің ошақ қасында қалып қоюы. Мен үш баламен үйде қалып қойдым да, жолдасым ары қарай дамып, өсе бастады. Әйел адам тек үйде отырмай, өзін дамытуы керек. Күйеуім шетелге шығып, жұмыс істеп, ортасын кеңейтті, ал мен күнделікті бала күтімімен үйде отырғандықтан, өмірге деген көзқарасымыз екі түрлі болып кетті», – деді Ильнура Нуранбекова.  

Оған қоса ол үйде отыру мен жеке тұлға ретінде өсудің айырмашылығын атап өтіп, бұл жағдайдың салдарына баға берді.

«Жолдасымның атқарған ісі де, менің үй шаруасы мен бала тәрбиесіне бөлген уақытым да үлкен еңбек. Бірақ күнделікті қайталана беретін үй тірлігі адамды шаршатып, дамуға мүмкіндік бермейді. Даму дегеніміз – тек ақша табу емес, жан-жақты өсу. Білім алу, жұмыс істеу, ортамен араласу, хобби табу, өз қабілетіңді ашу және саяхаттау адамның дүниетанымын кеңейтеді. Менің оған бұрынғыдай қызықты болмай қалуымның түпкі себебі де осында жатыр», – деді Ильнура Нуранбекова.

Войдите, чтобы оставить комментарий