Танымал журналист қалай 80 келіге арықтағанын айтты
Журналист Мұхит Сапарбаев артық салмақпен 20 жылдық күресі, «кедейлік кодынан» молшылық санасына өтуі және қоғамдағы хейтке қалай төтеп бергені туралы ашық сұхбат берді. Ол бастапқыда 150 келі болып, кейін 80 келі салмақтан арылған, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы журналист Мұхит Сапарбаев «Кездесу» подкастында әңгімеледі.
— Мысалы, кейбір таныстарға артық салмақ туралы сұрақ қойғанда, «маған ұнайды» деп жауап береді. Сізде де қандай да бір қорғаныс реакциясы немесе «маска» бола ма?
— Әрине, ондай «маска» болады. Сенім адамдарда қорғану қажеттілігі бар. Өйткені толық денелі адамдардың барлығы өзінің осы ерекшелігін өзгелерге сенімділік сияқты көрсеткісі келеді. Олар «Сенде де артық салмақ бар ғой» дегенде, бейне бір біз өзімізде артық салмақ бар екенін білмейтін сияқтымыз, біз шешінбейміз, киім сатып алмаймыз немесе үйімізде айна жоқ емес қой. Біз өзіміздің толық екенімізді онсыз да өте жақсы білеміз. Бірақ, өкінішке қарай, қоғам толық денелі адамдарды әзілге айналдырып, анекдотқа арқау етіп, олардың артық салмағын үнемі бетіне басқысы келіп тұрады. Психологияда қабылдау кезеңдері деген ұғым бар ғой. Белгілі бір сәтте адамдар «Болды, мен өзімді осы қалпымда қабылдадым, мен бодипозитивпін, ірі денелі адам мол болуы керек, еркек деген таудай болуы керек» деген сияқты ойын ойнай бастайды. Алайда ондай адамдар оңаша қалғанда, осы артық салмақтың зардабын тартып, іштей қиналады. Артық салмағы бар әрбір адамның қиялында «күндердің бір күнінде осы салмақтан арыламын» деген ой болады. Ондай ой барлығында бар.
— Мұхит мырза, сіз бұрын, яғни бозбала шағыңызда артық салмақпен арпалысып көрдіңіз бе?
— Менде үнемі артық салмақ болды. Соңғы жиырма жылым осы салмақпен күресумен өтті. Ол қалай дерсіз: белгілі бір диетаны бастаймын, кейін ол диетадан денсаулығым нашарлап, оны тастаймын. Содан соң «Болды, құрысын, мен өзімді осы қалпымда қабылдадым» деп қолды бір-ақ сілтеймін. Ал содан кейін қайтадан іштей азапталу басталады, жаңа ізденістер, жаңа диеталар. Өмірімде белгілі бір шектеулер жиі қайталанып отырды. Диета бастаймын, қиналамын, көзім қарауытып, түсімде бешбармақ кіреді... Менің бұл күйімді бүкіл әлем біледі, өйткені бәріне диетада екенімді, соның аяқталатын күнделікті сәтін күтіп жүргенімді айтып жүремін. Кейін бәрі қайтадан басталады. Осылайша бір оқиға қайталана берген соң, бір күн өзіме «Осы жүйені бұзуым керек, мұны қалай бұзуға болады?» деген сұрақ қойдым. Менде бұрын «кедейлік коды» бар еді. Ол не деген сөз? Маған үнемі үнемдеу режимінде өмір сүру керек сияқты болып тұратын. Нағыз кедейлік санасы. Алматы қаласында «Мега» сауда орталығы ашылғанда, біз сонда бардық. Ол жерде Zara деген керемет дүкен ашылды. Содан сол жерде 15 мың теңге тұратын ең қымбат футболка тұр екен. Ол кезде 15 мың теңге дегеніңіз өте жақсы, құны бар ақша еді сол кезде. Мен бардым, сол футболкаға қарадым, бірақ оны сатып алуға жүрегім дауаламады. Себебі ішкі шектеулер жібермеді. Менде сол дүниені өміріме қабылдауға, оған ие болуға ішкі қорқыныш пен дәрменсіздік болды. Осылайша мен ол футболканы сатып алмай кеттім. Бұл кедейлік коды ма? Иә, кедейлік коды. Оны сатып алуға мүмкіндігім болды ма? Болды. Бірақ менің басымда «Мен 15 мың теңгеге бір футболка алғанша, базарға барып 15 мың теңгеге 15 футболка сатып алғаным артық» деген түсінік тұрды. Кейін Көк базарға барып, ол жердегі ағаш сөрелерде қаз-қатар тізіліп тұратын көзілдіріктердің ішінен Ray-Ban маркасының 1500 теңгелік көзілдірігін сатып алдым. Сапасы өте нашар, көзді ауыртатын сол көзілдірікті он жыл бойы тақтым. Бұл мысалдар арқылы мен өзімдегі кедейлік кодын түсіндіргім келіп тұр. Кейін мен бұл жүйені өзгертіп, осы кедейлік санасынан шықтым. Қалай десеңіз: әр адамның ішкі мүмкіндігі мен сыйымдылығы болады. Мен түрлі техникалар, медитациялар мен психологиялық жұмыстар арқылы соны кеңейте бастадым. Содан кейін өміріме брендтер де, ақша да, жақсы киімдер мен аяқ киімдер де келе бастады. Осыдан кейін: «Егер мен өзімдегі кедейлік кодын молшылық кодына ауыстыра алсам, неге өз денеммен байланыс орнатып, онымен келісімге келе алмаймын?» деген ой келді. Себебі денемде артық тамақ қабылдау бар да, оны шығару жоқ, содан шар сияқты ісіп жүрдім. Денем майды жинай берді. «Мен өмірімдегі кедейліктің жібін үзе алсам, неге артық салмақтан арыла алмаймын» деген ой келді. Мен дәл осы бағытта жұмыс істей бастадым.
— Біреудің сөзі, пікірі немесе жақындарыңыздың айтқаны сіздің осындай шешім қабылдауыңызға әсер еткен жоқ па?
— Жоқ, әсер еткен жоқ. Себебі мен медиа саласында 17 жыл жұмыс істедім. Медиа саласы маған адамдардың көзқарасы, хейт деген нәрселердің уақытша екенін үйретті. Сізді бір күн, екі күн, үш күн хейттеуі мүмкін, бірақ белгілі бір уақыттан кейін ол да тоқтайды. Бұл өмірде мәңгілік ештеңе жоқ. Егер хейтке келетін болсақ, Қазақстанда мен сияқты хейтке ұшыраған адам кемде-кем шығар. Оның әділетті не әділетсіз, лайықты не лайықсыз болғанын білмеймін, бірақ мен тек өзімнің қабылдауыма ғана жауап бере аламын. Маған ол кері әсер еткен жоқ, өйткені мен өзімнің кім екенімді білемін. Ішкі күйімді, өмірге деген көзқарасымды оқырмандарым анықтамайды және мен оларға тәуелді емеспін. Сол себепті бұл арықтау процесі мен үшін таза жеке эксперимент болды.
Соңғы жаңалықтар