Қазақстан Азия ойындарын 84 медальмен аяқтады
Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарын Қазақстан құрамасы 84 медальмен аяқтады, деп хабарлайды Politico.kz.
Ұлттық құрама қоржынында 12 алтын, 24 күміс және 48 қола жүлде бар. Нәтижесінде Қазақстан 46 ел қатысқан жалпыкомандалық есепте 8-орынға тұрақтады.
Биылғы Азиада қазақстандық спортшылар үшін бірқатар тарихи нәтижемен есте қалды.
Бокстан Қазақстан құрамасы 12 жылдық үзілістен кейін Азия ойындарының алтын медаліне қайта қол жеткізді. Ал семсерлесуден ерлер құрамасы сапымен семсерлесуде ел тарихында алғаш рет Азиада чемпионы атанды.
Академиялық ескек есуден де тарихи нәтиже тіркеліп, Қазақстан осы спорт түрінен Азия ойындарындағы алғашқы алтын медалін жеңіп алды.
Таеквондошы Тамирлан Тілеулес 58 келіге дейінгі салмақта топ жарып, Қазақстанға таеквондодан Азиада тарихындағы тұңғыш алтынды сыйлады.
Велоспортта Алексей Луценко Азия ойындарындағы алтын медальдарының санын алтыға жеткізіп, қазақстандық спортшылар арасында жаңа рекорд орнатты.
Дзюдодан Қазақстан құрамасы да жоғары нәтиже көрсетті. Ел спортшылары жекелей сындарда алғаш рет төрт финалға жолдама алды.
Спорттық гимнастикада Милад Карими Қазақстан үшін 32 жыл бойы болмаған нәтижеге қол жеткізіп, Азия ойындарының жүлдегері атанды.
Осылайша, Жапониядағы дода Қазақстан спорты үшін бірнеше тарихи жетістікпен ерекшеленді. Ұлттық құрама 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медальмен жалпы есепте үздік ондықтың қатарына енді.
Соңғы жаңалықтар