«Эмоцияға беріліп кеттім»: Қордайда оқушысын аяусыз ұрып соққан мұғалім қамауға алынды
Жамбыл облысының Қордай ауданында домбыра пәнінің мұғалімі балаға күш қолданған сәт түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Politico.kz.
Кадрларда педагогтің сабақ кезінде оқушыға физикалық күш қолданғаны байқалады. Видео қоғамда қызу талқыланып, желі қолданушылары мұғалімнің әрекетіне құқықтық баға беруді талап етті.
Оқиғаға қатысты мұғалім көпшілікке үндеу жасап, жағдайдың шамамен бір жыл бұрын болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, сол кезде ол баланың анасынан кешірім сұраған.
«Мұғалім үшін мұндай әрекетке жол беруге болмайтынын түсінемін. Сол сәтте эмоцияға беріліп кеттім», – деді педагог.
Сондай-ақ ол заңда көзделген жауапкершілікті көтеруге дайын екенін жеткізді.
Алайда әлеуметтік желі қолданушылары кешірім сұрау жеткіліксіз екенін айтып, оқиғаға тиісті құқықтық баға берілуін талап етуде.
Ақпаратқа сәйкес, жағдайға Жамбыл облысының полициясы назар аударған. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Соңғы жаңалықтар