Таразда баласын ұрған әйелдің күйеуі балаларды өз қамқорлығына алғысы келеді
Таразда баласын аяусыз ұрып, күйеуінен кегін алмақ болған әйелдің психологиялық жай-күйі тексеріліп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz «КТК» телеарнасына сілтеме жасап.
Ал оның бұрынғы күйеуі балаларды өз қамқорлығына алу үшін балалар үйінің маңын торуылдап жүр.
26 жастағы Қордай ауданының тұрғыны балаларды алу үшін «барымды саламын» деп бекініп отыр. Алайда қорғаншы орган балалардың әке-шешесі заңды некеде болмағандықтан, бөгде адамға берілмейді дейді. Сондай-ақ ол екінші балаға әке құқығын алмаған көрінеді.
Енді Айдар Мамыт өзін екі баланың әкесі екенін дәлелдеуі тиіс. Ол үшін құжаттарын дұрыстап, ДНК сараптамасын жасамақ. Содан кейін бұл мәліметтер бала құқығын қорғау жөніндегі комиссияға жолданады.
«Маған бала керек, баланы әрқашан бірінші орынға қоямын. Қазір баламның әкесі екенімді дәлелдеу үшін жүгіремін. ЗАГС-ке барамын, сотқа барамын. Қолымнан келгенше, соңғы демім қалғанша, бала-шағам үшін барына дайынмын. Қазір көбісі үлкен қыз қызыңыз емес, не үшін алайын деп жатырсыз дейді. Айтады ғой, қазақта бала тапқандікі емес, баққандікі дейді. Мен екеуін де жақсы көремін, екеуін бөлмеймін», - деді Айдар Мамыт.
Еске сала кетейік, өткен аптада Таразда 19 жастағы әйелдің өз балаларын ұрып-соққан видеосы әлеуметтік желіде тараған еді.
Жұртты шошытқан оқиғадан кейін безбүйрек әйел қамауға алынды.
Соңғы жаңалықтар