Таразда көзінен айырылған оқушының ісі бойынша сот үкім шығарды

Таразда көзінен айырылған оқушының ісі бойынша сот үкім шығарды
Зухра Каримованың Instagram парақшасынан

Таразда мектепте соққыға жығылып, бір көзінен айырылған оқушының ісі бойынша сот үкім шығарды. 16 жастағы сотталушы 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Hronika.kz.

Оқиға 14 сәуірде Тараздағы Абай атындағы мектеп гимназиясында болған. Киім ауыстыратын бөлмеде 10-сынып оқушысын тоғызыншы сыныптағы жасөспірімдер ұрып кеткен.

Істі қараған судья Гүлмира Әлімқұлова сотталушыны 7 жылға бас бостандығынан айырды. Бұған дейін үйқамақта болған жасөспірім сот залында қамауға алынды.

Сот жәбірленуші тараптың материалдық және моральдық шығынды өтеу туралы талабын ішінара қанағаттандырды.

Жәбірленушінің анасы Зухра Каримова сот шешімімен толық келіспейді. Оның айтуынша, ұлының көзінен айырылуына себеп болған соққыны басқа оқушы жасаған.

Бастапқыда екі жасөспірім күдікті болған. Бірақ кейін олардың біріне қатысты қылмыстық іс тоқтатылып, ол сотқа куә ретінде қатысқан.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, екінші жасөспірім оқиға кезінде 15 жаста болған. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 108-1-бабы «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бойынша іс қозғалған.

Алайда екі жарым айдан кейін қылмыс құрамының болмауына байланысты тергеу тоқтатылған. Прокуратура мұны жасөспірімнің қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жасқа толмауымен түсіндірген.

Прокуратураның жауабында екі оқушының топ болып денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргенін дәлелдейтін жеткілікті дерек жиналмағаны айтылған.

Зухра Каримова тергеу толық жүргізілмеді деп есептейді. Ол келтірілген шығынды өтеу мөлшеріне қатысты апелляциялық шағым түсірмек. Сондай-ақ екінші жасөспірімге қатысты қылмыстық істі қайта қарау үшін Бас прокуратураға жүгінбек.

Зардап шеккен оқушы Таразда, Алматыда және Түркияда жеті ота жасатқан. Қазір дәрігерлер оның екінші көзінің көру қабілетін сақтап қалуға тырысып жатыр.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу