«Өзегіңді өкініш өртейді екен»: Сәкен Майғазиев анасының қазасынан соң жазба жариялады
Әнші Сәкен Майғазиев өмірден өткен анасына арнап әсерлі жазба жариялап, қаралы күндері демеу болған көпшілікке алғысын білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Өнер иесі әлеуметтік желіде он құрсақ көтеріп, үлкен әулеттің ұйытқысы болған анасының өнегелі өмірін еске алды. Қолы қалт еткенде ауылға барып жүрсе де, жанында бұдан да көбірек бола алмағанына өкінетінін жасырмады.
«Бір күн уақытым болса ауылға барып анашымның көңілін табуға қанша тырысып жүрмін десем де, “Неге бұдан да көбірек қасында болмадым” деген өкініш өзегіңді өртейді екен. Сол үшін анасы бар адамдар, қазір қоңырау шалып, халін біліп, денсаулығына көңіл бөліп қойыңыздар», — деп жазды ол.
Сондай-ақ әнші көзі тірісінде анасының ақ батасын алып қалғаны өзіне үлкен демеу екенін айтты.
«Аллаға шүкір, анамның “Балам, саған разымын” деген сөзін бірнеше рет естіген бақытты перзенттердің бірімін. Соның өзі жүрегіме жұбаныш, жаныма медеу», - деп жазды әнші.
Өнер иесі қайғысына ортақтасып, көңіл айтқан күллі қазақ елі мен шетелдегі ағайынға ризашылығын білдірді. Желі қолданушылары да әншінің әсерлі сөздеріне тебіреніп, қара жамылған отбасына сабыр тілеп жатыр.
Соңғы жаңалықтар