Таразда қатарластарынан оңбай таяқ жеген оқушы қыз жансақтау бөліміне түсті
Таразда мектеп оқушысын қатарластары топ болып жабылып соққыға жыққан. Анасының айтуынша, жасөспірім ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне түскен, деп хабарлайды Politico.kz.
Әлеуметтік желілерде тараған видеода жәбірленуші қыздың анасы қызының жағдайы өте ауыр болғанын жеткізген.
«Қызымды №25 мектептің 7-8 оқушысы жабылып соққыға жықты. Олар суық қару алып келген, тіпті кастетпен ұрған. Қызымның жағдайы ауыр болып, тек реанимациядан енді ғана шығарылды», – деді анасы.
Полиция аталған оқиғаның болғанын растады. Қазір бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, төбелеске қатысқандардың барлығы анықталған.
Жәбірленушінің анасының айтуынша, күдіктілердің туыстары олардың отбасына қысым көрсетіп, қорқыту әрекеттерін жасап жатыр.
«Маған күн сайын келіп, түрлі сөздер айтып, қоқан-лоқы көрсетеді. Тіпті “өлтіріп кетемін” деп қорқытады. Заң жүзінде қорғалуымды сұраймын», – деді ол.
Полиция мәліметінше, кәмелетке толмағандардың ата-аналары балаларын тәрбиелеу міндетін дұрыс орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылған.
«Бұл жағдай кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қаралды. Нәтижесінде жасөспірімдер профилактикалық есепке алынды. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін жан-жақты анықтау үшін қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысына сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады полиция департаментінің өкілі.
Последние новости