Тарихи сәт: 2028 жылғы УЕФА Суперкубогы Астанада өтеді

15.09.2026 15:04 Мөлдір ҚАЙНАР
Тарихи сәт: 2028 жылғы УЕФА Суперкубогы Астанада өтеді
25
Фото: Уикипедия

УЕФА Атқарушы комитеті 2028 жылғы УЕФА Суперкубогы матчын өткізетін қала ретінде Қазақстанның бас қаласы Астананы ресми түрде бекітті, деп хабарлайды Politico.kz.

Еуропаның ең мәртебелі клубтық турнирлері — УЕФА Чемпиондар лигасы мен УЕФА Еуропа лигасының жеңімпаздары бас қосатын дүбірлі дода елордадағы «Астана Арена» стадионында өтеді. Бұл деңгейдегі ірі халықаралық футбол бәсекесі елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырғандықтан, отандық спорт шежіресіндегі айтулы тарихи оқиға ретінде бағалануда.

Шешімнің Қазақстан пайдасына қабылдануына Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) спорттық инфрақұрылымды кешенді жаңғырту және УЕФА-мен өзара ынтымақтастықты нығайту бағытында атқарған нәтижелі жұмыстары негіз болды.

Алдағы маңызды матчқа байланысты «Астана Арена» стадионы жоспарлы түрде қайта жаңғыртудан өткізіледі. Нысанның барлық инфрақұрылымы УЕФА-ның еуропалық финалдық кездесулерді қабылдауға қоятын ең жоғары қатаң халықаралық регламенттік талаптарына толық сәйкестендірілмек.

Войдите, чтобы оставить комментарий