«Бетімді тырнап, жарақаттады»: Алматыда ер адам бұрынғы әйелінен зәбір көргенін айтып, шағымданды

«Бетімді тырнап, жарақаттады»: Алматыда ер адам бұрынғы әйелінен зәбір көргенін айтып, шағымданды
Фото: видеодан скриншот

Алматы қаласында ер адам бұрынғы жұбайы тарапынан соққыға жығылып, қысым көріп жүргенін мәлімдеп полицияға арызданды, деп хабарлайды Politico.kz.

Жәбірленушінің адвокаты Тілеужан Кішкенебаевтың айтуынша, ерлі-зайыпты 10 жыл отасқаннан кейін некелерін бұзған. Алайда ажырасқандарына қарамастан, осы уақытқа дейін үш бөлмелі бір пәтерде бірге тұруға мәжбүр болып келеді. Ер азамат бұрынғы жұбайының ортақ баспанадан қуып шығу үшін әдейі озбырлық жасап жүргеніне сенімді.

«Әйел бұрынғы күйеуіне қол көтеріп, бетін тырнап, дене жарақатын салған. Ер адам оқиғаның бәрін бейнежазбаға түсіріп алып, полицияға арызданған. Алайда шағымдар бойынша тиісті шара қабылданбай, тіркелген істердің өзі кейін қайта жабылып қалған. Бұл істердің кейбірі тіпті менің қатысуыммен тоқтатылды», — деп мәлімдеді адвокат.

Сонымен қатар жанжал барысында ер адамның өзі де жауапкершілікке тартылған. Бұрынғы жұбайы оның былапыт сөздер айтқанын көрсетіп полицияға шағым түсірген соң, сот шешімімен ол «ұсақ бұзақылық» жасағаны үшін 10 тәулікке қамауға алынған.

Алматы қалалық полиция департаменті оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берді. Құзырлы органның хабарлауынша, қазіргі уақытта ұрып-соғу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу