«Атыраулық хакерге» сот үкімі шықты
Әлеуметтік желіде «атыраулық хакер» деген атпен белгілі азаматқа сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz.
Atyrauoil.official паблигінің жазуынша, 26 қарашада Атырау қалалық №2 сотында әлеуметтік желілерде «Атырау хакері» деген атпен танымал 32 жастағы Нұрлан Жаңбырбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша үкім жарияланды.
Судья Эльмира Ойқұлова сотталушыны алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы сотталушыға 4 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасын, ал рақымшылық туралы заңды қолдануды ескере отырып, 3 жыл 6 ай мерзім сұраған болатын.
Соттағы соңғы сөзінде Жаңбырбаев жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеуге уәде беріп, өзін бас бостандығынан айырмауды сұрады. Оның айтуынша, өтелуі тиіс шамамен 2 миллион теңге қарызы қалған.
Қылмыстық іс бойынша барлығы 12 жәбірленуші тіркелген. Айыптау тарапының мәліметінше, келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 13 миллион теңгені құраған.
Жаңбырбаевтың өзі алаяқтық бойынша кінәсін мойындамады. Ол қарыздың пайда болуын такси шақыруға арналған Jetu мобильді қосымшасы жобасын жүзеге асыру кезіндегі қаржылық қиындықтармен түсіндірді.
Еске сала кетейік, ер адам 2026 жылдың қаңтарында Жангелдин ауылындағы отбасының жұмбақ жағдайда жоғалып кетуіне қатысты жазбаларынан кейін көпшілікке кеңінен танылған еді. Сол айда ол Түркияда ұсталып, Қазақстанға жеткізілген болатын.
Айта кету керек, алаяқтыққа қатысты бұл қылмыстық істің отбасын өлтіру дерегін тергеу ісіне ешқандай қатысы жоқ.
Бұған дейін облыстық полиция департаменті аталған азаматтың бірнеше алаяқтық дерегі бойынша күдікке ілінгенін мәлімдеген болатын. Оған Қылмыстық кодекстің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша іс қозғалды. Тергеу деректеріне сүйенсек, Құрманғазы ауданының тумасы жұртшылыққа инвестиция салу, IT саласын оқыту, бұғатталған аккаунттарды ашу, қаражат шешіп беру және техника сату секілді уәделер беріп, ақшаларын жымқырып отырған. Келтірілген жалпы материалдық шығын 13 миллион теңгеден асқан. Айта кетейік, қаңтар айында Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіні сырттай қамауға алу туралы бұлтартпау шарасын санкциялаған еді.
«Хакер» көпшілікке қалай танылды?
Ол Қызылқоға ауданында жоғалып кеткен отбасыға қатысты істі өз бетінше зерттеп, әлеуметтік желі қолданушыларының назарына іліккен болатын. Сол тұста желіде өзін «атыраулық хакермін» деп таныстырып, жоғалған жандарды іздестіруге кіріскенін айтқан бейнежазбасы тарады. Ол өз парақшасында болжамды геолокация деректерін, телефон байланыстары мен өзге де ақпараттарды жариялап отырған. Instagram желісінде лезде тараған бұл видеолар қоғамда қызу талқыға түсті.
Сондай-ақ ер адам бұған дейін шетелде, нақтырақ айтқанда Дубайда тұрып жатқанын мәлімдеген еді.
Соңғы жаңалықтар