ТикТок пен Инстаграмдағы өтірік тарихқа шұғыл жауап беретін жүйе керек

16.09.2026 11:57 Абзал БАХЫТЖАНОВ
ТикТок пен Инстаграмдағы өтірік тарихқа шұғыл жауап беретін жүйе керек
20
Фото: Shutterstock.com

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Шолпан Каринова әлеуметтік желілерде тарихқа қатысты бұрмаланған ақпарат тез таралатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевқа жолдаған сауалында ол мұндай ақпаратқа мамандар дер кезінде жауап беріп, нақты дерек ұсынуы қажет екенін айтты.

Депутаттың сөзінше, тарихи сана қазір тек оқулықтар мен ғылыми еңбектер арқылы қалыптаспайды. Әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалардың ықпалы артып, әсіресе жастар ақпаратты TikTok, Instagram және YouTube желілерінен көп алады. Сондықтан Қазақстан тарихы туралы қандай мәлімет тарайтыны, оның дереккөзі мен қоғамға қалай жеткізілетіні маңызды.

Каринова Мемлекет басшысының Құрылтай сессиясының ашылуында ұлттық сана-сезімді қалыптастыруға ерекше мән бергенін еске салды.

«Ұлттың жадын күмәнді дерекпен, бұрмаланған мәліметпен улауға болмайды. Мұндай әрекет өткен күнге деген сенімді, келешекке деген үмітті әлсіретеді», – деді Мемлекет басшысы.

Депутаттың пікірінше, бұл сөздер ұлттық тарихи сананы қалыптастыру үшін мемлекет деңгейінде жүйелі жұмыс қажет екенін көрсетеді. Ол «Әділет» саяси партиясы әділдікті ұлттық сана мен болмыстың негізгі қағидаларының бірі деп санайтынын жеткізді. Ал әділдік тарихи шындыққа объективті көзқарастан басталатынын атап өтті.

Сауалда мәселе тек тарихпен шектелмейтіні де айтылған. Каринованың сөзінше, халықпен кездесулер азаматтардың елде атқарылып жатқан көптеген маңызды жұмысты толық біле бермейтінін көрсеткен.

«Мәселе жұмыстың жоқтығында емес. Мәселе – оның мәні мен нәтижесін халыққа түсінікті тілде жеткізуде. Сондықтан ақпаратты жай жариялау жеткіліксіз. Оны түсіндіру де маңызды. Азаматқа реформаның мақсатын, оның нәтижесін және қоғамға әсерін түсіндіретін журналистика қажет», – деді Шолпан Каринова депутаттық сауалында.

Оның пікірінше, мемлекеттік ақпараттық саясат осы бағытқа басымдық беріп, мемлекеттік бастамаларды жариялаумен шектелмеуі керек. Ол тарихи сананы қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және елдегі өзгерістерді дұрыс түсіндіруге қызмет етуі тиіс.

Депутат мұның әсіресе жастар үшін маңызды екенін айтты. Өйткені бүгін тараған ақпарат ертеңгі қоғамдық көзқарасқа әсер етеді, ал ақпарат кеңістігіндегі бәсеке ұлттық санаға да ықпал етеді.

Осыған байланысты Каринова Үкіметтен ұлттық тарихи сананы мемлекеттік ақпараттық саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде белгілеуді сұрады. Сонымен бірге Қазақстан тарихы туралы контенттің ғылыми негізге және нақты деректерге сүйенуін қамтамасыз ететін жүйе құруды ұсынды.

Депутат тарихи жад пен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін заманауи медиа жобаларды қолдау қажет деп санайды. Ол TikTok, Instagram және YouTube платформаларында Қазақстан тарихын заманауи әрі түсінікті форматта таныстыратын жобаларды іске асыруды сұрады.

Сауалда көтерілген тағы бір ұсыныс – тарихқа қатысты жалған және бұрмаланған ақпаратқа жедел жауап беретін тиімді тетік қалыптастыру.

Войдите, чтобы оставить комментарий