TikTok жұлдызына айналған Талғар қаласының әкімі денсаулығына байланысты қызметтен кетті

12.02.2026 11:13 Арман Ермеков
TikTok жұлдызына айналған Талғар қаласының әкімі денсаулығына байланысты қызметтен кетті
401
Фото: tiktok.com/Арыстанбек Әбілқайырұлы

Талғар қаласының әкімі Арыстанбек Әбілқайырұлы денсаулық жағдайына байланысты лауазымын босатқанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Politico.kz.

Әкімнің сөзінше, бұл шешімді қабылдау оңай болмаған. Ол соңғы уақытта еңбек демалысында болғанын және қызметтік міндеттерін толық атқаруға кедергі келтірмеу үшін осындай қадамға барғанын түсіндірді.

«Құрметті Талғар қаласының тұрғындары!

Ең алдымен, маған сенім артып, сайлауға қатысып, дауыс берген баршаңызға алғысым шексіз. Сіздердің қолдауларыңыз бен сенімдеріңіз мен үшін үлкен жауапкершілік жүктеді.

Мен атқарған қызметімді денсаулығыма байланысты аяқтау туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім мен үшін оңай болған жоқ. Денсаулығыма байланысты белгілі бір уақыт еңбек демалысында болдым. Осы жағдай қызметтік міндеттерімді толық әрі сапалы атқаруға кедергі келтірмеуі үшін осындай шешім қабылдауды жөн санадым. Дегенмен денсаулық – адам өміріндегі ең басты құндылықтардың бірі, сондықтан осындай қадамға баруға тура келді.

Талғар қаласында 1 жыл 2 ай қызмет атқару барысында әлеуметтік-экономикалық дамуға, инфрақұрылымды жақсартуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған бірқатар жұмыстар жүзеге асырылды. Әрбір бастама мен жобаның артында ортақ еңбек, бірлік пен сенім тұрғанын ерекше атап өткім келеді.

Осы ретте маған қолдау білдірген Талғар ауданының әкіміне, әріптестеріме, Талғар қаласының тұрғындарына және ақсақалдарына ерекше алғысымды айтамын.

Алдағы уақытта да Талғар қаласының дамуына бейжай қарамай, ел игілігі жолындағы бастамаларға тілектес боламын. Қаламыздың болашағы жарқын, дамуы қарқынды боларына сенімдімін.

Баршаңызға амандық, зор денсаулық және табыс тілеймін!», – деп жазды Арыстанбек Әбілқайырұлы.

Арыстанбек Әбілқайырұлы көпшілікке «TikTok-тағы әкім» ретінде танымал болған еді. Ол әлеуметтік желіде белсенділік танытып, қаладағы жұмыстарды, көшелерді абаттандыру және тротуарларды жөндеу барысын бейнежазба арқылы көрсетіп отырды.

Тұрғындар әкімнің кабинетінен, үйінен немесе көлігінен тікелей эфирге шығып, сұрақтарға жауап беретін ашықтығын жоғары бағалаған болатын.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий