Тоқаев әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерінің басшысын ауыстырды

10.08.2026 16:05 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Тоқаев әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерінің басшысын ауыстырды
272
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысының шешімімен Қазақстанның әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріне жаңа қолбасшы тағайындалды. Бұл лауазымға енді Әділ Сүбебаев жауапты болады, деп хабарлайды Politico.kz.

«Мемлекет басшысының өкімімен Әділ Мәлікұлы Сүбебаев Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы лауазымына тағайындалды», – деп мәлімдеді Ақорданың баспасөз қызметі.

Бұған дейін бұл қызметті Қайрат Дәуітов атқарған. Ол президент өкімімен лауазымынан босатылды.

«Мемлекет басшысының өкімімен Қайрат Сапарбекұлы Дәуітов Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы лауазымынан босатылды», – деп хабарлады Ақорда.

Қайрат Дәуітов әуе қорғанысы әскерлерін 2024 жылдың қыркүйегінен бері басқарды. Ол бұл қызметте екі жыл жұмыс істеген.

Жаңа қолбасшы Әділ Сүбебаев бұрыннан әуе қорғанысы жүйесінде қызмет етіп келеді. Ол 2017 жылы подполковник шенінде Ақтау қаласындағы 51809 әскери бөліміне басшылық жасады. Кейін 2021 жылдан 2024 жылға дейін Алматы облысында орналасқан 97617 әскери бөлімін басқарды.

Осы тағайындауға дейін Сүбебаев әуе қорғанысы әскерлері қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары болған.

Войдите, чтобы оставить комментарий