Тоқаев енді Маңғыстау әкімін қызметтен шеттетіп жіберуі әбден мүмкін

23.07.2026 08:00 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Тоқаев енді Маңғыстау әкімін қызметтен шеттетіп жіберуі әбден мүмкін
13
Фото: Әлеуметтік желі

Атырау мен Ұлытау облыстары басшыларының отставкасынан кейін Маңғыстау облысының әкімі Нұрдаулет Қилыбай да қызметінен шеттетілуі мүмкін, деп хабарлайды Politico.kz POVestka телеграм-арнасына сілтеме жасап.

Маусым айының ортасында Мемлекет басшысы Жамбыл, Атырау, Маңғыстау және Ұлытау облыстарының әкімдерімен телефон арқылы сөйлескен еді. Осы әңгімеден тура бір ай өткенде Президент бірден екі өңір басшысын, яғни Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов пен Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековті қызметінен босатты. Ендігі кезек Маңғыстау облысын басқарып отырған Нұрдаулет Қилыбайға келуі әбден мүмкін, өйткені оның да өңірдегі позициясы мықты саналмайды.

Әкімдердің мамыр айындағы рейтингінде 20 орынның ішінен 15-орынға тұрақтап, аутсайдерлер қатарына жақындаған облыс басшысына тұрғындардың да көңілі толмай отыр. Желі қолданушылары жолдардың нашар күйіне, коммуналдық инфрақұрылымдағы ақауларға, экологиялық жағдайға және жергілікті билікпен ашық диалогтың жоқтығына жиі шағымданады.

Қазіргі уақытта жаңа әкім лауазымына үміткерлер ретінде «ҚазМұнайГаз» басшысы Асхат Хасенов пен облыс әкімінің орынбасары Мәлік Әбдіқадыровтың есімдері жиі аталады. Дегенмен өңірге мүлде күтпеген жаңа кадрдың тағайындалу ықтималдығы да жоғары.

Войдите, чтобы оставить комментарий