Тоқаев пен Трамптың не жайлы сөйлескені белгілі болды
Тоқаев пен Трамп Нетаньяхумен байланысқа шықты, деп хабарлайды POLITICO.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақ үйдегі келіссөздер барысында күтпеген жайт болды. Қазақстан мен АҚШ президенттерінің кездесуі кезінде олар Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлескен.
Әңгіменің негізгі арқауы – Қазақстан Республикасының Ибраһим келісімдеріне қосылуы болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың Таяу Шығыста бейбіт өмір орнатуға нақты алғышарттар жасағанына назар аударды. Президенттің айтуынша, көпшілік бұл бастамаға күмәнмен қараса да, АҚШ көшбасшысы осы жолда елеулі нәтижелерге қол жеткізе білген.
Ақорданың хабарлауынша, Ибраһим келісімдеріне қосылу арқылы Қазақстан қақтығысты еңсеруге, диалогты ілгерілетуге және БҰҰ Жарғысы негізіндегі халықаралық құқықты қолдауға өз үлесін қоспақ.
Бұл ретте Қазақстанның бұл шешімі ешбір мемлекетпен екіжақты қатынастардағы міндеттемелеріне нұқсан келтірмейтіні ерекше атап өтілді. Бұл қадам – бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуды көздеген көпжақты дипломатияның заңды жалғасы әрі нақты көрінісі ретінде бағаланды.
АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешімін жоғары бағалап, бұл қадамның өзге елдерді де осы бастаманы қолдауға үндейтінін атап өтті.
– Бұл – бүкіл әлемде ынтымақтастық орнатуда айтарлықтай алға ілгерілеу. Бүгінде көптеген ел Ибраһим келісімдері арқылы бейбітшілік пен өркендеу жолын таңдап отыр, – деді Дональд Трамп.
Еске сала кетейік, Тоқаев пен Трамп Ақ Үйде 17 миллиардтық келісімге қол жеткізіп, стратегиялық серіктестікті бекітті.
Соңғы жаңалықтар