Тоқаев қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады

09.05.2026 10:35 Қарақат АСЫЛОВА
Тоқаев қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады
453
Фото: Ақорда
Тоқаев Қазақстанның Жеңіске қосқан үлесін атап өтті

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтап, майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Президенттің құттықтауын Ақорда жариялады. Мемлекет басшысы Қазақстанның Ұлы Жеңіске қосқан үлесі зор екенін атап өтіп, миллиондаған қазақстандық майданда шайқасып, тылда аянбай еңбек еткенін жеткізді.

Тоқаевтың айтуынша, жүзден астам қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанса, 500-ге жуық азаматқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Сондай-ақ ондаған мың адам жауынгерлік ерлігі мен еңбегі үшін марапатталған.

Президент елде батырлардың ерлігі ұлықталып, олардың есімі көшелерге, мектептерге, музейлерге және әскери мекемелерге берілгенін айтты. Сонымен қатар ол кейінгі ұрпаққа майдангерлердің шынайы ерлігін насихаттау маңызды екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Жеңіс күні ең алдымен батырларды еске алу күні екенін айтып, бұл мереке жаппай көңіл көтерудің емес, тағзым мен құрметтің символы болуы тиіс екенін жеткізді.

Сөз соңында Президент Қазақстанның көк байрағы әрдайым бейбіт аспан астында желбірей беруін тілеп, барша халықты Ұлы Жеңіспен құттықтады.

Войдите, чтобы оставить комментарий