Тоқаев қол қойған жаңа жарлық прокуратураға тың өкілеттіктер берді

26.08.2026 17:29 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Тоқаев қол қойған жаңа жарлық прокуратураға тың өкілеттіктер берді
68

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратура туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Politico.kz.

2026 жылғы 21 тамызда күшіне енген бұл құжатқа сәйкес Бас прокурор енді инвестициялық омбудсмен қызметін қоса атқарады.

Жаңа өкілеттіктерге сай Бас прокурор инвесторлардың құқықтарын қорғау саласында нормативтік актілер қабылдайды. Ол инвесторлар мен мемлекеттік органдар, әкімдіктер, мекемелер және квазимемлекеттік сектор арасындағы дауларды сотқа дейін реттеу комиссиясын құру тәртібін бекітеді.

Сонымен бірге Бас прокурор инвесторлардың жүйелі мәселелерінің тізілімін қалыптастыру ережесін айқындайды. Бұған қоса ол прокуратура органдарының нышандарын пайдалану тәртібін де белгілейді.

Құжат аясында Бас прокуратураның да өкілеттіктері кеңейтілді. Ведомство енді арнайы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен және Ұлттық цифрлық инвестициялық платформамен біріктірілген мәліметтерді пайдаланады. Осы деректер арқылы заңдылықтың сақталуына талдау жүргізеді.

Мекеме қылмыстық-құқықтық салада, инвесторлардың құқығын қорғау және активтерді қайтару мәселелері бойынша халықаралық шарттар жасай алады.

Бас прокуратураға активтерді сатып алу көздерінің заңдылығын тексеру құқығы берілді. Ведомство мүлікті заңсыз иемденуге қарсы тұру және оны мемлекетке қайтару үшін ақпаратты мониторингтеп отырады. Өз міндеттерін орындау үшін прокуратура мемлекеттік органдардың мамандарын, ғалымдарды, сарапшыларды, сондай-ақ отандық және шетелдік ұйымдарды жұмысқа тарта алады.

Сонымен қатар Бас прокуратура меншік нысанына қарамастан ұйымдардың Конституция мен заңдарға қайшы келетін актілеріне наразылық білдіруге құқылы. Бұл ереже денсаулық жағдайына байланысты өз құқығын қорғай алмайтын тұлғаларға, кәмелетке толмағандарға, шектелмеген адамдар тобына және инвесторларға қатысты актілерді қамтиды.

Жарлық қол қойылған күнінен, яғни 2026 жылғы 21 тамыздан бастап ресми түрде күшіне енді.

Войдите, чтобы оставить комментарий