Тоқаев Тәуелсіздік күнімен құттықтады
Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлайды POLITICO.KZ
Президент бұл мерекенің еліміз үшін мән-маңызы айрықша екеніне тоқталды. Осы күні халқымыз Қазақстанды егемен ел ретінде дамыту жолында ерікті әрі түпкілікті таңдау жасағанын айтты.
«Тәуелсіздік бәрінен қымбат! Біз бабалар рухына тағзым етіп, өскелең ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілікті сезіне отырып, осы ұстанымға адал боламыз. Азаматтарымыздың ырысты ынтымағының, өзара қолдауының және жасампаз еңбегінің, сондай-ақ қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің арқасында Қазақстан Тәуелсіздікті нығайту ісінде елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Қазір бүкіл әлем жылдам өзгеріп жатыр. Түрлі сынақтармен қатар, тың мүмкіндіктерге толы жаңа тарихи дәуір басталды», - делінген презижент құттықтауында.
Тоқаев мұндай жағдайда біз жас және озық ойлы ұлт ретінде болашаққа зор үмітпен және нық сеніммен қарап, берекелі бірлігімізді сақтау керек екенімізді жеткізді.
«Еліміздің жаһандық деңгейдегі беделі мен бәсекеге қабілетін арттырып, Қазақстанды көркейген мемлекет ретінде дамыту үшін аянбай еңбек етуіміз қажет. Қазір жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалардың нәтижесінде зор табысқа жетеміз деп сенемін. Жан-жақты жаңғыруға бағытталған стратегиялық бағдарымыздан ауытқымай, Әділетті, Күшті, Таза, Қауіпсіз Қазақстанды құрамыз», - делінген құттықтауда.
Соңғы жаңалықтар