Тоқаев: «Вашингтон моделі» БҰҰ аясындағы халықаралық келісімге негіз болуға лайық
Вашингтонда жасалған жасанды интеллект туралы ерікті келісім халықаралық ережелерге жол ашуы мүмкін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысында оны жаһандық деңгейде талқылауды қолдады, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекет басшысы АҚШ президенті Дональд Трамп пен ірі технологиялық компаниялардың басшылары жақында қол қойған келісімнің стратегиялық маңызына тоқталды. Құжат жасанды интеллектінің озық технологияларын қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамытуға бағытталған.
«Дер кезінде көтерілген осы маңызды бастаманы құптаймын. Жасанды интеллектіге қатысты қауіп-қатерлер ешқандай шекараға бағынбайтынын бәрі түсінеді. Сондықтан мемлекеттер мен бизнес қауымдастық тарапынан үйлесімді әрекет қажет», деді Тоқаев.
Президенттің пікірінше, сарапшылар келісімді мұқият зерделегеннен кейін мүдделі мемлекеттер оны жасанды интеллект саласын жаһандық деңгейде реттейтін үлгі ретінде қарастыра алады.
«“Вашингтон моделі” БҰҰ аясындағы халықаралық келісімге негіз болуға лайық деп ойлаймын. Қазақстан жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамытуды қолдайды. Осы орайда, аталған мәселе бойынша сындарлы халықаралық диалог жүргізуге алаң ұсына аламыз», деді мемлекет басшысы.
Тоқаев Кеңестің іс жүзіндегі маңызын атап өтіп, оның мүшелеріне Қазақстанның осы саладағы халықаралық бастамасына қысқа мерзімде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
«Ортақ ұстаным биыл желтоқсан айында Майамиде өтетін G20 саммитінде таныстырылады», деді президент.
Айта кетейік, жиында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, Sinovation Venture және 01.AI бас директоры Ли Кай-Фу, Абу-Даби Әмірлігінің денсаулық сақтау департаментінің төрағасы, G42 International бас директоры Мансур Әл-Мансури, Polynome Group негізін қалаушы Александр Ханин және Цинхуа университеті жанындағы ЖИ-индустрияны зерттеу институтының негізін қалаушы Яцинь Чжан сөз сөйледі.
Осы отырыста Тоқаев жасанды интеллектінің Қазақстан өнеркәсібіндегі жұмысты қалай өзгертетініне де тоқталған еді.
Соңғы жаңалықтар