Тоқаев жол апатынан болатын өлімге нашар жолдар кінәлі емес екенін мәлімдеді
Қазақстанда көлік апаттарының азаймауына жолдың сапасы емес, жүргізушілердің ереже сақтамауы себеп болып отыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде сөз сөйлеп, қоғамда заң мен тәртіп қатаң сақталуы керек екеніне назар аударды.
«Осы тұста мына бір аса маңызды мәселені қайта атап өткім келеді: біз қоғамда заң үстемдігі қағидатын, яғни, заңға бағыну мәдениетін түбегейлі орнықтыруымыз қажет.
Заң мен тәртіп идеологиясы күнделікті өмірдің барлық саласында қатаң сақталуға тиіс: қоғамдық орындағы жүріс-тұрыс мәдениетінен, оның ішінде жиын-тойлардан, тұрмыстық мәдениеттен бастап, жолда көлік жүргізу мәдениетіне дейін осы мызғымас қағидатқа сай болуы керек.
Мен бұған дейін де өз сөздерімде жол қауіпсіздігі мәселесіне арнайы тоқталдым. Өкінішке қарай, Қазақстанда жыл сайын көлік апатының кесірінен, соның ішінде көп жағдайда жол қозғалысы ережесін өрескел бұзудың салдарынан мыңдаған адам көз жұмады. Бұған жол беруге болмайды.
Бұрын елімізде көлік апатының көптігіне жолдың нашарлығын желеу қылатын. Соңғы бірнеше жылда барлық өңірдегі жол инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңғыртуды қолға алдық. Бірақ қайғылы оқиға азаймай тұр.
Демек бұл жағдайға Үкімет пен қоғам жіті назар аударуы керек. Азаматтар бекітілген ережелердің бәрін мүлтіксіз сақтайтын көлік жүргізу мәдениетін қалыптастырған дұрыс», – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы осы жиында полицейлерге шабуыл жасаған бұзақыларды қатаң жазалау керегін ескертті.
Еске сала кетейік, 21 наурызда Әл-Фараби даңғылында Zeekr мен Mercedes көліктері бетпе-бет соғысып, салдарынан 3 адам қаза тапқан еді. Бұл оқиға қоғамда көп талқыланды.
Соңғы жаңалықтар