Тоқал болуды қыздарының басына берсін - Гүлзира Айдарбекова
Танымал продюсер, әнші Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова қоғамда қызу талқыға түскен тоқалдықты заңдастыру мәселесіне қатысты пікір білдірді. Оның жазбасы әлеуметтік желіде жарияланды, деп хабарлайды POLITICO.KZ kznews.kz-ке сілтеме жасап.
Айдарбекованың айтуынша, бұл бастама қоғамдағы отбасылық құндылықтарға нұқсан келтіруі мүмкін. Ол қазақ әйелдерінің көп жағдайда отбасын сақтау үшін талай қиындыққа төзетінін, ал тоқалдықты заңдастыру олардың жағдайын одан әрі күрделендіріп жіберетінін атап өтті.
«Елдің бір-бірімен қырылғаны аз еді, енді отбасылары қырылсын бірінің етін бірі жеп деп отырған шығар. Ұл-қыздары үшін, мейлі күйеуі ішсін, ұрсын, ақша дұрыс таппасын қанша әйел азаматшалары көніп отыр, ал басқа әйел алуына өзі адал, өмірін отбасына арнаған әйелдер көне қоймайды», – деп жазды ол.
Продюсер сондай-ақ кей әйелдердің мәжбүрлі түрде тоқалдыққа келісетін жағдайларын да атап өтті.
«Көнетіндер өзінің көңілдесі барлар не болмаса, сөзі өтпейтін момақай, күйеуімнен кетсем жұмыс жасай алмаймын, бала-шағамды баға алмай, күнімді көре алмай қаламын деп өзіне сенбейтін әйелдер мүмкін амалдарының жоғынан көнуі», – деді Айдарбекова.
Ол тоқалдық заңдастырылған жағдайда отбасылардың күйреуі артып, кей ер азаматтар ашық түрде отбасынан бас тартып, басқа әйелмен бірге өмір сүруге көшуі мүмкін екенін ескертті.
«Не болмаса көңілдестердің заманы болады, өкіметте заң бар деп, беттері былқ етпей қарабет жүрексіз ер азаматтар, бала-шағасын тастап, ойнастарымен өмір сүреді емін-еркін. Жоғары жақтағылар қашып-пұшып әйелдерінен жасырын жүргендері қатты жандарына батып, заң шығарайық деп шешімге келген ау шамасы», – деп пікір білдірді ол.
Сондай-ақ ол заңды қолдап отырғандардың өз қыздары немесе келешек ұрпағы дәл осындай жағдайға тап болса не болатынын ойлануға шақырды.
«Қыздарының басына берсе тоқалдықты, не күйеулері үстінен қатын алып жатқаны, қалай болар екен… Бізді қойшы, күйеулеріміз бір шүйкебас үшін кетпейтін жасқа да ақылға да жетті, ұрпағымыз не болады», – деп жазды продюсер.
Соңғы жаңалықтар