"Тойға барған". Тамақтан уланған анасы мен тоғыз жастағы ұлы көз жұмды

15.08.2025 09:20
0
213
pexels.com

Малайзияда анасы мен оның тоғыз жастағы ұлы туыстарының үйлену тойынан кейінгі тағамнан уланып, қайтыс болды. Бұл туралы Harian Metro басылымы хабарлады.

Оқиға 9 тамыз күні орын алған. Жергілікті БАҚ мәліметінше, 36 жастағы әйел мен оның ұлы туысының тойынан кейін үйге оралған соң бірнеше сағат ішінде қатты құсу және іш өту белгілерімен ауыр жағдайда болған.

Кешке күйеуі жұмыстан келген кезде, әйелі өзін жайсыз сезініп жүргенін айтқан. Әйел бірнеше рет әжетханаға барған, ал олардың ұлы төсекте қозғалыссыз жатқан. Кейінірек ер адам да сол күні әйелінің тойдан алып келген тағамынан дәм татқан соң, іш ауруы мен құсу белгілері байқалған.

Отбасындағы тағы екі бала — 6 жастағы қыз бен 18 айлық сәби де улану белгілерін көрсеткенімен, оларды дер кезінде ауруханаға жеткізіп, аман алып қалған. Өкінішке қарай, әйел мен оның тұңғыш ұлы есін жимастан көз жұмды.

Қазір олардың денелері сараптамаға жіберілді, ал полиция улану оқиғасына байланысты тергеу жүргізіп жатыр. Оқиғаның нақты себебі мен уланған тағам түрі әзірге ресми түрде хабарланған жоқ.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий