Трамп Ким Чен Ынды мақтап, Солтүстік Кореяны «ядролық держава» деп атады

АҚШ Президенті Дональд Трамп дүйсенбі күні Ким Чен Ынды мақтап, КХДР-ды «ұлы ядролық ұлт» деп атады, деп хабарлайды POLITICO.KZ Kyodo News агенттігіне сілтеме жасап.
Ол Солтүстік Кореямен байланыс сақталғанын айтып, Ким Чен Ынды «ақылды жігіт» деп сипаттады.
Оның айтуынша, Пхеньянмен қарым-қатынас болашақта қайта жанданады.
«Бізде жақсы қатынас бар. Ол – ақылды адам», – деді Трамп.
Журналистің «Ким Чен Ынмен қайта байланыс орнатасыз ба?» деген сұрағына Трамп: «Бір күні солай болады», – деп жауап берді. Алайда нақты қадамдарды атамады.
2018 жылы Трамп Сингапурда Ким Чен Ынмен жеке кездескен алғашқы АҚШ президенті атанды. 2019 жылы тағы екі кездесу өтті, бірақ нақты нәтижеге қол жеткізілмеді. Солтүстік Корея ядролық қарудан бас тарту шартымен санкцияны алып тастауға келіспеді.
Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін КХДР мен Мәскеу арасында әскери әріптестік күшейді. Бұл жағдай Солтүстік Кореяның ядролық белсенділігін арттырды.
Байден әкімшілігінің бұрынғы өкілдері КХДР-мен диалог орнатуға тырысқанымен, айтарлықтай нәтиже болмағанын мойындайды.
Болжам бойынша, егер Трамп қайта президент болса, Ким Чен Ынмен келіссөздерді жаңғыртып, бұл жолы КХДР-дан ядролық арсеналдан толық бас тартуды талап етпеуі мүмкін.
Ал өткен аптада Ким Чен Ынның қарындасы Ким Ё Чжон Трамп әкімшілігін «қысым мен арандатуға» барды деп айыптап, Пхеньян ядролық қорғанысты күшейтуге мәжбүр екенін мәлімдеді.
Соңғы апталарда Солтүстік Корея бірнеше баллистикалық зымыран ұшырды. Бұл әрекет Трамптың қызметке қайта келуінен кейін алғаш рет тіркеліп отыр.
Соңғы жаңалықтар





