Трамптың ұлдары Қазақстанда вольфрам өндірмек
АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлдары Қазақстандағы аса ірі вольфрам кеніштерін игеру жобасына үлес қосты, деп хабарлайды Politico.kz.
Financial Times басылымының мәліметінше, Дональд кіші Трамп пен Эрик Трамп Қазақстанда вольфрам өндірумен айналысатын компанияның акцияларын сатып алды. АҚШ үкіметінен $1,6 млрд көлемінде қолдау тапқан бұл іргелі жоба Американың қорғаныс өнеркәсібіне қажетті металдар бойынша Қытайға тәуелділігін азайту мақсатында қолға алынған.
Басылымның жазуынша, ағайындылар тамыз айында құрылыспен айналысатын Skyline Builders тобына инвестиция құйған. Кейінірек бұл компания Қазақстандағы кеніштерді басқаратын америкалық Cove Kaz Capital тобымен бірігуге келісім жасасты.
Қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампқа ірі вольфрам жобасын осы Cove Kaz Capital компаниясына беруді жоспарлап отырғанын айтқан. Бұл жолда америкалық топ қытайлық және ресейлік бәсекелестерін артта қалдырды.
«Дон тек пассивті инвестор ретінде тіркелген, компанияның операциялық жұмысына араласпайды. Ол өзі инвестиция құйған ешбір компанияның атынан федералды үкіметпен байланыс орнатпайды», – деді кіші Трамптың өкілі.
Эрик Трамп пен Ақ үй бұл жағдайға қатысты ешқандай пікір білдірмеді.
Қараша айында Cove Capital мен «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы әлемдегі ең ірі вольфрам қорын игеру туралы ортақ келісімге келгенін хабарлады. Келісім бойынша америкалық тарап қаржыландыруды және заманауи технологияларды әкелуді өз мойнына алады. Ал «Тау-Кен Самұрық» бірлескен кәсіпорындағы 30 пайыздық үлесін сақтап қалады.
Бұл ауқымды жоба Қарағанды облысындағы Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты кеніштерін игеруге бағытталған. Оған тартылатын инвестицияның жалпы көлемі $1,1 млрд құрайды. Қаражат байыту фабрикалары мен металлургия зауытын салуға жұмсалады. Жаңа кәсіпорын 2 мыңға жуық жұмыс орнын ашады.
Кеніште өндіріс 2030 жылы басталып, үш жылдан кейін өндіріс көлемі жылына 3 млн тонна кенге дейін жетеді. Жоба 2048 жылға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында 107 мың тоннадан астам вольфрам, 69,5 мың тонна мыс, 17,6 мың тонна молибден және 9,7 мың тонна висмут өндіру көзделген.
Сарапшылардың есебінше, шикізатты сатудан түсетін жалпы табыс 1 трлн теңгеден немесе $2 млрд асуы мүмкін.
Қорғаныс саласы мен авиация үшін маңызды саналатын бұл металға Пентагон қатты қызығушылық танытып отыр. TechMet SCM минералдар сауда компаниясының басшысы Квентин Ламарш қазақстандық вольфрам кеніштерінің қоры өте бай екенін жеткізді.
«Бұл кеніштерді іске қосу үшін көп уақыт пен қаражат қажет», – деді Квентин Ламарш.
Соңғы жаңалықтар