Түркістанда құрдасының өліміне себеп болған оқушыларға сот үкімі шықты
Түркістанда 15 жастағы мектеп оқушысы Мейіржан Нұржанұлының өліміне қатысты іс бойынша сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды Politico.kz.
Қайғылы оқиға былтыр 3 қарашада болған. Тергеу мәліметінше, бір топ жасөспірім мектеп оқушыларын зират маңына жинап, күш көрсеткен. Сол жерде 9-сынып оқушысы Мейіржан Нұржанұлы соққыдан кейін есінен танып, көз жұмған.
Алты айға созылған тергеу мен сот процесінің қорытындысы бойынша айыпталушылардың бірі денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Ал қалған үш жасөспірім бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылып, әрқайсысына 1 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Алайда марқұмның туыстары сот шешімімен келіспейтіндерін мәлімдеді. Олардың айтуынша, негізгі кінәлілер тиісті жазасын алмаған. Сондай-ақ жәбірленуші тарап талап еткен 30 миллион теңге моральдық өтемақының орнына сотталушылардан 200 мың теңгеден ғана өндірілген.
Марқұмның отбасы үкімге апелляциялық шағым түсіретінін хабарлады.
Соңғы жаңалықтар