Түркістанда спорт шенеунігінің жаттықтырушыға қол көтерген видеосы тарады

16.06.2026 11:03 Әсел МҰРАТ
Түркістанда спорт шенеунігінің жаттықтырушыға қол көтерген видеосы тарады
178
Фото: видеодан скрин

Қазақстан чемпионатының жүлдегері әрі жергілікті спорт мектебінің жаттықтырушысы Тимур Алиханов байдарка мен каноэде есу спортынан мемлекеттік жаттықтырушы Даулет Сұлтанбековтің өзіне күш көрсеткенін айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Тимурдың айтуынша, оқиға ірі халықаралық жарыс кезінде болған. Оның сөзінше, қазіргі уақытта бұл істі жабуға әрекет жасалып жатыр.

Жаттықтырушының мәліметінше, жанжал 7 маусым күні Түркістан қаласындағы Олимпиадалық есу арнасында өткен байдарка мен каноэде есуден Азия чемпионаты барысында болған. 

Тимур Алихановтың айтуынша, Даулет Сұлтанбеков жанжал шығарып, оған қол көтерген. Сұлтанбеков қазіргі таңда Ескек есу спорты түрлерінен «Қайық» Қазақстан ұлттық федерациясының атқарушы директоры қызметін атқарады. Алихановтың болжамынша, оқиға кезінде шенеунік мас күйде болған.

«Жанжал барысында Даулет Сұлтанбеков мені екі рет жағымнан ұрып, дене жарақатын салды. Сонымен қатар көпшіліктің көзінше балағаттап, ар-намысыма тиіп, жұмыстан шығарамын деп қорқытты», – дейді Алиханов.

Оқиғадан кейін жаттықтырушы Түркістан қалалық полиция басқармасына арыз түсірген. Алайда оның айтуынша, содан бері өзіне түрлі қысым көрсетіле бастаған. Арызын қайтарып алуды одан тек Даулет Сұлтанбеков қана емес, спорт мектебінің директоры Нұрлан Айтбеков те талап еткен.

Жаттықтырушының сөзінше, екі басшы да полиция бөлімінде оған шағымынан бас тартуды ұсынып, бұл жағдайда күдікті қызметінен айырылып қалуы мүмкін екенін алға тартқан.

Тимур Алиханов олардың талабын орындаудан бас тартқаннан кейін Даулет Сұлтанбеков қарсы арыз жазған. Жаттықтырушының айтуынша, қоқан-лоқы мен қысым көрсету әрекеттері әлі күнге дейін жалғасуда. Оның сөзінше, өзіне: «Мені қызметтен кетірсе, сен де кетесің», «Сені бәрібір жұмыстан шығарады», «Бұдан кейін жұмыс істей алмайсың» деген мазмұндағы ескертулер айтылған.

Сондай-ақ Тимур Алиханов мұндай әрекеттер Даулет Сұлтанбеков тарапынан бұрыннан байқалып келе жатқанын айтады. Оның айтуынша, әріптестері мен спортшылар шенеуніктің бұған дейін де қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған жағдайлар болғанын жеткізген.

Өзі Қазақстан чемпионатының жүлдегері бола тұра, Алиханов ұлттық құрама сапына енбей қалғанын атап өтті. Оның пікірінше, бұған Сұлтанбековтің жеке көзқарасы себеп болуы мүмкін.

Жаттықтырушының айтуынша, мұндай әділетсіз әрі біржақты қарым-қатынасқа басқа спортшеылар да тап болған.

Осы оқиғадан кейін ескек есу спорты түрлерінен ұлттық федерация ресми мәлімдеме жасады.

«Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнематериалдар болған жағдайдың толық көрінісін көрсетпейді және контекстен жұлып алынған оқиғалардың жекелеген үзінділерін ғана қамтитынын ескертеміз. Қазіргі уақытта бұл факт бойынша құзыретті органдар сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп жатыр. Оның аясында болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, барлық қатысушының іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Сондай-ақ қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылданады», - делінген мәлімдемеде.

Федереция асығыс қорытынды жасамауға, анық әрі толық емес ақпарат таратпауға және тергеудің ресми нәтижелерін күтуге шақырады

Сондай-ақ «Қайық» федерациясы» ұйымның және оның қызметкерлерінің іскерлік беделін қорғау үшін заңнама шеңберінде бұдан былайғы іс-қимылдарды жасау құқығын өзіне қалдыратынын атап өтті.
 

Войдите, чтобы оставить комментарий