Түркістанда жарты ғасырлық көпір опырылып түсті: Бірнеше ауыл ауызсусыз қалды

18.12.2025 10:17 Арман Ермеков Арман Ермеков
Түркістанда жарты ғасырлық көпір опырылып түсті: Бірнеше ауыл ауызсусыз қалды
0
413
Фото: бейнеден кадр

Түркістан облысында төтенше жағдай орын алды. Келес өзенінің үстінен өтетін автожол көпірі апатты жағдайға ұшырап, опырылып түсті. Салдарынан маңызды су құбыры зақымданып, жергілікті тұрғындар тіршілік нәрінен ажырап қалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқыс оқиға 17 желтоқсан күні облыстық маңызы бар «Абай – Ұшқын – Достық» тас жолының 4,3 шақырымында тіркелген. Қошқарата ауылының аумағындағы өткелдің алдымен жақтаулары сөгіліп, жарық пайда болғаны байқалған.

Жергілікті билік пен жауапты мамандар қауіпті дер кезінде аңғарып, көлік қозғалысын алдын ала тоқтатып үлгерген. Осы қырағылықтың арқасында адам шығыны мен материалдық зардаптың алды алынды. Ресми мәлімет бойынша зардап шеккендер жоқ.

Көпір құлаған сәтте оның құрылымына бекітілген «Дарбаза» су құбырына зақым келген. Соның салдарынан Қошқарата ауылдық округі мен Ұшқын елді мекенінің тұрғындары уақытша ауызсусыз қалды. Әкімдік өкілдері мәселені шешу үшін ауылдарға арнайы көлікпен су тасымалдауды ұйымдастырды. Су жүйесі толық қалпына келтірілгенше, халық тасымалданатын суды тұтынатын болады.

«Оңтүстік жолдары» кәсіпорнының теңгеріміндегі бұл нысанның салынғанына 50 жылдан асқан, көпір 1970 жылдары пайдалануға берілген. Соңғы рет мұнда 2010 жылы орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл ғана өзен жағалауын бекіту шаралары атқарылған екен.

Қазіргі таңда оқиға орнында полиция, төтенше жағдай қызметі және жергілікті атқарушы орган өкілдері жұмыс істеп жатыр. Көлік қатынасы үшін уақытша айналма жолдар қарастырылған. Мамандар техникалық тексеру жүргізіп, өткелді қалпына келтірудің жоспарын әзірлеуде. Жағдай облыс басшылығының қатаң бақылауына алынды.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий