Түрмеден шыққан Төребаев: Адамдардың ойы бір сәтте өзгереді деп күтпеймін

12.08.2026 14:25 Томирис САҒЫНДЫҚ
Түрмеден шыққан Төребаев: Адамдардың ойы бір сәтте өзгереді деп күтпеймін
80

Вайнер Мейіржан Төребаев қаржы пирамидасы ісі бойынша басынан өткерген оқиғаларына қатысты өз пікірін білдірді. Ол өзіне артылған сенімді бірден қайтару мүмкін емес екенін және болған жағдайдың салдары өз отбасы мен зардап шеккен азаматтарға ауыр тигенін атап өтті. Сонымен қатар, вайнер бұл оқиғадан қоғам мен танымал тұлғалар тиісті сабақ алуы керектігін айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол журналист Майя Бекбаеваға берген сұқбатында айтты.  

«Әрине, сенімді бір сөзбен қайта қайтара алмайсың. Адамдардың маған деген көзқарасы бір сәтте өзгеріп сала береді деп те үміттенбеймін. Алайда, халықтың қаржысынан, тыныштығынан айырылғанын ұғыну маған өте ауыр тиеді. Бұл тәжірибе маған өте қымбатқа түсті: бостандығымды, отбасымның қасында болу бақытын, анамның денсаулығын және жақындарымның тыныштығын бердім. Әйтсе де, басымнан өткен бұл оқиғаның белгілі бір мән-мағынасы болып, ел бұдан сабақ алса — мұқият әрі сақ болуды, құжаттарды тексеруді үйренсе — онда бұл өз басым үшін шығын болғанымен, қоғам үшін пайдалы әрі қайырлы сабақ болды дер едім. Өйткені мен — отбасылы, баршаға сеніммен қарайтын қарапайым адаммын. Бірақ, аңғалдығымның кесірінен осындай жағдайға тап болып, соңында сотталып кете бердім», — деді Мейіржан Төребаев.

Сондай-ақ блогер әлеуметтік желіде оқырманы көп танымал тұлғаларды жарнамаланатын өнімдер мен қызметтерді мұқият тексеруге шақырды. Оның айтуынша, күдікті жобаны ұйымдастырушылар сенімге кіру үшін діни құндылықтарды да ұтымды пайдаланған.

«Ең алдымен, танымал блогерлер мен көпшілікке белгілі тұлғаларға айтарым: әрбір жарнама үшін жауапкершілік бар екенін ұмытпаңыздар. Кіммен жұмыс істеп жатқандарыңызды және не жарнамалап жатқандарыңызды мұқият тексеріңіздер. Екіншіден, қазіргі таңда алаяқтық әдістері өте көбейіп, түрленіп кетті. (...). Ал бұл тұзаққа қалай түстім десеңіздер... Мен адамдарға, олардың имандылығына қатты сендім. Маған олар беделді тұлғалар болып көрінді. Ұсыныс жасағандардың бәрі де намаз оқитын, ішінде хиджабтағы әйелдері бар. Офиске барғанымда да айналадан тек сенімділік пен ізгілік есіп тұрғандай болатын. Тіпті арасындағы біреуі: «Ақыры діндегі бауырларымызға адал кәсіппен айналысуға көмектесетін күн туды» деп сендірді», — деді ол.

Одан бөлек, Мейіржан Төребаев жоба өкілдерінің тарапынан болған психологиялық қысым мен ықпал ету әдістеріне тоқталды. Ол өзінің шығармашылық жолы сенімсіздікке ұшырағаннан кейін осы шешімді қабылдағанын жеткізді.

«Біреуі: «Жасың қырыққа таяғанда әлі де елді күлдіріп жүре бересің бе? Одан да осындай ортақ, орасан зор кәсіппен, орынықты іспен айналысатын уақыт келді» деп менің шығармашылығым мен кәсіби еңбегімді құнсыздандырды. Өкінішке қарай, солардың ықпалына арбалып, бағытымды бұрып алдым», — деді Мейіржан Төребаев.

Войдите, чтобы оставить комментарий