Уақытша ұстау изоляторында жанжал шықты: Ер адам полицейді бірнеше рет ұрған

03.09.2026 20:36 Қарақат АСЫЛОВА
Уақытша ұстау изоляторында жанжал шықты: Ер адам полицейді бірнеше рет ұрған
437
Ашық дереккөз

Атырауда уақытша ұстау изоляторында полиция қызметкеріне күш көрсеткен ер адам үш жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz сайты Ақ Жайыққа сілтемемен.

Жанжал оның жеке заттарына қатысты түсініспеушіліктен басталған. Ер адам кезекті рет ұсталғаннан кейін уақытша ұстау изоляторының №2 камерасына орналастырылған. Тексеру кезінде оның камерасына екі полиция қызметкері келген. Олар ер адамды тексеріп, жанында тыйым салынған заттардың бар-жоғын анықтауы керек болған.

Алайда ұсталған азамат полицейлердің киімдерін алып қоюға әрекет жасағанына қарсылық танытқан. Ескерту жасалғаннан кейін екеуінің арасында сөзге келіспеушілік туындаған.

Кейін ер адам полицейлердің бірін екі қолымен кеуде тұсынан итерген. Қызметкерлер оған кісен салмақ болған кезде, ол қарсылық көрсетіп, сержантты басымен төрт рет ұрған.

Оқиға салдарынан полицейдің сол көзінің маңында көгеру және сол қолында жарақат пайда болған. Сот-медициналық сараптама жарақаттардың денсаулыққа қысқа мерзімді зиян келтірмегенін анықтады.

Сот отырысында ер адам кінәсін толық мойындады. Ол ашуға беріліп кеткенін айтып, полиция қызметкерінен кешірім сұраған. Жәбірленуші тарап та оған қатысты талап-арызы жоқ екенін мәлімдеген.

Сот материалдарында ер адамның бұған дейін де күш қолданумен байланысты іске қатысы болғаны көрсетілген.

Бұған дейін оның жұбайы оқу орталығында әкімші болып жұмыс істеген. Әйел басшысының өтінішімен өз атына 3 млн теңге көлемінде несие рәсімдеген. Алайда қарыз қайтарылмаған соң, кредитор сотқа жүгініп, әйелдің есепшоттары бұғатталған.

Бұл жағдайды білген күйеуі мәселені өзі шешуге тырысқан. Басшысы олардың үйіне келген кезде жанжал шығып, ер адам әйелге күш көрсетіп, оның күртесінің қалтасынан Toyota Camry көлігінің кілтін алып, көлікті айдап кеткен.

Ол көлікпен Атыраудан Ақтөбеге, кейін Қызылордаға барған. Сол жерде ұсталған.

Кейін көлік иесі машинада 6 млн теңгеден астам қолма-қол ақша болғанын айтып, ер адамға ірі көлемдегі ұрлық жасады деген айып тағылған. Алайда сот бұл мәлімдемені растайтын жеткілікті дәлел таппаған.

Әйел ақша жоғалғаны туралы бірден емес, көлік қайтарылғаннан кейін бір айдан астам уақыт өткен соң хабарлаған. Осыған байланысты сот ер адамды 6 млн теңгеден астам қаражатты ұрлау айыбы бойынша ақтаған.

Ал көліктің кілтін күшпен алып, машинаны заңсыз айдап кеткені үшін оған 1,5 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған.

Бұл соттылығы жаңа қылмыс жасаған кезде әлі өтелмеген.

Ал соңғы оқиға бойынша сот ер адамды қоғамнан оқшаулау мекемесінің қызметкеріне күш қолданғаны үшін кінәлі деп таныды. Оған үш жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.

Войдите, чтобы оставить комментарий