Украинадағы соғысқа қарсы болған Путиннің көмекшісі отставкаға кетті

Ресей президенті Владимир Путиннің ұзақ жылдар бойы ең жақын көмекшілерінің бірі болған Дмитрий Козак президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметінен босатылды. Бұл туралы The New York Times басылымы жазды.
Басылымның хабарлауынша, Козак Украинаға басып кіруді қателік деп санаған және оның отставкасы Кремльдегі ішкі қайшылықтың сирек кездесетін көрінісі болып отыр.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 66 жастағы Козактың өз еркімен қызметінен кеткенін растады.
Басылымның дереккөздеріне сүйенсек, Козак соғыс басталмай тұрып оған қарсы сөйлеген, кейінірек әріптестеріне мұны қателік деп айтқан. Сондай-ақ, ол биыл Путинге соғысты тоқтатып, бейбіт келіссөздер жүргізуге кеңес берген. Алайда, Козак бұл сынын ешқашан жария түрде айтпаған.
The New York Times мұндай жоғары лауазымды шенеуніктің жай ғана отставкаға кетуі қазіргі Ресейде сирек кездесетін оқиға екенін атап өтеді. Әдетте, Путин өзіне жақын адамдарды қызметтен босатпай, басқа лауазымға ауыстырып, өз жанында ұстауға тырысады.
Соңғы үш жылда Козактың Кремльдегі ықпалы төмендеп, оның бұрынғы КСРО елдерімен жұмыс жөніндегі міндеттері соғысты қолдаған Сергей Кириенкоға өткен. 29 тамызда Путин Козакқа бағынышты екі басқарманы жауып, оның билігін ресми түрде шектеген. Ресейлік РБК басылымының жазуынша, Козак «бизнеске ауысу бойынша түрлі ұсыныстарды қарастырып жатыр».
Дмитрий Козак 1990 жылдардан бері Путиннің жанында жұмыс істеп, оның маңызды тапсырмаларын орындаған. Ол 2014 жылғы Сочи Олимпиадасына дайындықты және Қырымды Ресейге қосу үдерісін басқарған.
Соңғы жаңалықтар





