«Ұмай» ипотекасы қашан басталады: Әйелдер үшін маңызды жаңалық жарияланды
Қазақстанда әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы екі аптадан кейін іске қосылуы мүмкін. Бұл туралы «Отбасы банк» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова Үкімет отырысынан кейінгі брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Журналистер банк басшысынан жаңа ипотекалық бағдарламаға дайындық барысын және әйелдердің өтінім қабылдауға қашан қатыса алатынын сұрады.
Ләззат Ибрагимованың айтуынша, қазір «Ұмай» бағдарламасын іске қосуға қатысты жұмыстар аяқталу сатысында. Оның нақты іске қосылатын мерзімін банк басшысы тамыз айының соңына дейін деп атап өтті.
«Әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекасы қазір әзірленіп жатыр. Оны тамыз айының соңына дейін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл мемлекеттік бағдарлама емес, «Отбасы банктің» бағдарламасы», – деді ол.
Кейін журналистер бағдарламаның мерзімін нақтылаған кезде, Ләззат Ибрагимова ипотеканың екі аптадан соң іске қосылатынын айтты.
Бағдарламаның тағы бір маңызды шарты – несие мөлшерлемесі. Банк басшысының мәліметінше, бастапқы пайыздық мөлшерлеме 14%-дан басталады.
«Біз Азия даму банкімен тиісті құжатқа қол қойдық. Пайыздық мөлшерлеме 14%-дан басталады. Алғашында оны 14-16% деңгейінде болады деп жоспарлағанбыз. Қазір нақты есептеулер жүргізіліп жатыр», – деді «Отбасы банк» басшысы.
Оның сөзінше, бағдарламаға қатысушы клиент депозитіне сегіз жыл бойы қаражат жинайды. Осы мерзім аяқталғаннан кейін тұрғын үй несиесінің пайыздық мөлшерлемесі 3,5%-ға дейін төмендейді.
Осылайша, әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекасы тамыз айының соңына қарай іске қосылып, қазақстандық әйелдерге баспана алудың жаңа мүмкіндігін ұсынбақ.
Соңғы жаңалықтар