«Ұмай» мен «Жасыл ипотека» бағдарламаларына 90 млрд бөлінеді
Отбасы банк Азия даму банкінен 90 млрд теңге көлемінде қаржы тартып, оны әйелдерге арналған «Ұмай» және экологиялық «Жасыл ипотека» бағдарламаларын жүзеге асыруға бағыттайды, деп хабарлайды Politico.kz.
Жобаның бірінші кезеңінде 2 мыңнан астам несие беру жоспарланып отыр. Отбасы банк басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова бұл бастама әйелдердің экономикалық белсенділігін арттырып, олардың қаржылық тәуелсіздікке ұмтылуын қолдайтынын атап өтті. Оның айтуынша, бағдарламаның алдыңғы кезеңдерінде 3 660 әйел өз баспанасына қол жеткізген.
«Ұмай» бағдарламасының шарттары:
- Бастапқы жарна: өңірге байланысты 15%-дан 20%-ға дейін.
- Несие сомасы мен мерзімі: 50 млн теңгеге дейін, 25 жылға беріледі.
- Баспана таңдау: алғашқы немесе қайталама нарықтан, тіркеуде тұрған жеріне қарамастан кез келген аймақтан алуға болады. Баспана алу мен жөндеу жұмыстарын біріктіріп бір несие рәсімдеуге де рұқсат.
- Қосымша мүмкіндік: баспананы жөндеуге 15 млн теңгеге дейін жеке несие алуға болады.
- Ескерту: Сатып алынған жылжымайтын мүлік міндетті түрде әйелдің атына рәсімделуі тиіс.
«Жасыл ипотека» бағдарламасының ерекшелігі: Бұл бағдарлама арқылы қазақстандықтар «жасыл» құрылыс стандарттарына сай келетін және OMIR сертификаты бар энергия үнемдейтін баспана сатып ала алады. Қазіргі таңда еліміздегі тұрғын үй қорының 80%-дан астамы энергияны көп қажет ететіндіктен, коммуналдық шығындар да көп шығады. Жаңа жоба жылу мен электр энергиясы шығындарын азайтып, экологиялық құрылыстың дамуына түрткі болмақ.
- Несие шарттары:баспана құнының 80%-на дейін беріледі. Максималды сома – 50 млн теңге, мерзімі – 25 жылға дейін. Жөндеу жұмыстарына да несие қарастырылған.
Екі бағдарламаға қатысу үшін соңғы 6 айдағы ресми табысты растау қажет. Үміткердің атында басқа баспананың бар-жоғы маңызды емес. Бағдарламалардың нақты қашан іске қосылатыны туралы банк қосымша хабарлайтын болады.
Соңғы жаңалықтар