ҰҚК «Мырзабаевские» қылмыстық тобының мүшесі тергеліп жатқанын растады
Бұған дейін желіде Шымкентте «Мырзабаевтар» ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшесі Мұхтар Құрмановты ұсталғаны жайлы ақпарат тараған еді, деп хабарлайды Politico.kz.
Онда күдіктінің үйін тінту кезінде заттай дәлелдемелер табылғаны туралы айтылған. Қазіргі уақытта оған қаруды заңсыз сақтады деген күдік келіп отыр.
Журналист Михаил Козачковтың пайымдауынша, қазір оңтүстік өңірде қылмыстық топтарды құрықтау бойынша ауқымды операция жүріп жатыр.
Желіде қызу талқыға түскен бұл ақпараттың анық-қанығын білу және ресми түсініктеме алу мақсатында редакциямыз құзырлы органдарға арнайы сауал жолдады.
Редакциямыздың ресми сауалына берген жауабында ҰҚК-ның Шымкент қаласы бойынша департаменті Мұхтар Құрмановқа қатысты тергеу жүріп жатқанын растады.
«Қазіргі таңда ҰҚК Шымкент қаласы бойынша департаменті Мұхтар Құрмановқа қатысты Қылмыстық кодекстің 287-бабының 2-тармағы қаруды заңсыз иемденіп, алып жүру және сақтау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде», - делінген редакциямыздың ресми сауалына берген жауабында.
Алайда ҰҚК Шымкент қаласы бойынша департаменті Құрмановтың ұсталған-ұсталмағанына қатысты нақты ақпарат берген жоқ.
Мұхтар Құрманов бұған дейін де заң алдында жауап берген. Ол 1999 жылы адам өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Жазасын өтеп, 2019 жылы бостандыққа шыққан. Оны осы дүйсенбіде Алматыда қолға түскен «Кропаль» лақап атымен танымал Асылбек Төлетпековтің жақын серігі деп санайды.
Еске сала кетейік, 2 ақпан күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен прокуратура бірлесіп Алматыда арнайы операция жүргізген болатын. Нәтижесінде аса ірі көлемде бопсалау жасады деген күдікпен Асылбек Төлетпеков ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Соңғы жаңалықтар