ҰҚК теннисті серік еткен судьяны тергеуде

11.05.2026 13:06 Арман Ермеков
ҰҚК теннисті серік еткен судьяны тергеуде
1056
Фото: АҚТӨБЕ СОТТАРЫ

Ақтауда мамандандырылған тергеу сотының төрағасы Берік Утеевтің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны расталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұған дейін мессенджерлерде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жергілікті департаменті Жоғарғы соттың ішкі қауіпсіздік қызметімен бірлесіп сот төрағасына қатысты іс қозғағаны туралы ақпарат тараған еді. Желідегі мәліметтерге сүйенсек, ол жеке мақсатта бір адамды жасырын тыңдауға заңсыз рұқсат берген немесе біреудің нөмірін тыңдалатындар тізіміне қосқан деген күдікке ілінген. Қазіргі уақытта ол қамауға алынбаған, ауруханада жатыр деген сөз бар. Сонымен қатар бұл іске полиция қызметкерлерінің де қатысы болуы мүмкін екені тексеріліп жатыр.

Politico.kz ақпараттың мән-жайын білу үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сауал жолдады.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-тармағына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп жауап берді ведомство.

Соттардың ресми арналарындағы ақпаратқа сүйенсек, Берік Утеев спортқа жақын. Ол судьялар арасындағы спартакиадаларда үстел теннисінен 2023 және 2025 жылдары жүлделі 3-орын иеленген. Одан кейін спорттық шараларда оның аты аталмады.

Ол 2005 жылы Маңғыстау энергетикалық колледжін қаржы мамандығы бойынша тәмамдап, 2016 жылы Мемлекеттік басқару академиясында құқық магистрі дәрежесін алған. Еңбек жолын 2009 жылы Атырау облысындағы қаржы полициясында бастап, кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте жедел басқару офицері болды. 2020 жылдан бастап Мұнайлы аудандық сотының судьясы қызметін атқарды. Ал 2023 жылдың 26 маусымында Президент жарлығымен Ақтау қаласының мамандандырылған тергеу сотының төрағасы болып тағайындалды.

Айта кетейік, осыған дейін ҰҚК Орал қаласындағы облыстық жедел жәрдем станциясының басшысы мен бірқатар қызметкерінің ұсталғанын растаған еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий