Үш адамның өмірін қиған кәсіпкердің отбасымен барған әкімге қатысты тексеріс аяқталды
Алматыда 3 адамның өмірін қиған кәсіпкердің ата-анасымен бірге марқұмның үйіне барған Шамалған ауылдық округінің әкіміне қатысты қызметтік тексеріс аяқталып, одан ешқандай заң бұзушылық табылған жоқ, деп хабарлайды Politico.kz порталы BES.media-ға сілтеме жасап.
Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында мас күйде Zeekr көлігімен қарсы бағытқа шығып, 3 адамның өмірін қиған 32 жастағы кәсіпкер Александр Пактің отбасы марқұмдардың бірінің үйіне өтемақы ұсынуға барған.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеевтің сөзінше, апаттан кейінгі күні кәсіпкердің ата-анасы ақша ұсыну үшін жалғыз келмей, қастарына бірнеше адамды және Шамалған ауылдық округінің әкімі Нұрсұлтан Жолдаспековті ертіп жүрген. Алайда қаза тапқан қыздың отбасы кешірім беруден үзілді-кесілді бас тартып, қатаң ұстанымда қалатынын жеткізген.
Осы жағдайдан кейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті шенеуніктің әрекетін тексеріп, оның жұмысында ешқандай заң бұзушылық анықталмағанын мәлімдеді. Белгілі болғандай, кәсіпкердің ата-анасы әкімнен марқұмның отбасына көңіл айту үшін олардың үйін тауып беруге көмектесуін сұраған.
Ведомство өкілдері Нұрсұлтан Жолдаспековтің екі тарапты татуластыру мәселесіне араласпағанын және бұған дейін оқиғаға қатысушыларды мүлдем танымағанын хабарлады.
Департамент ауыл әкімінің өз қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану немесе қысым көрсету фактілері расталмағандықтан, оны жауапқа тартуға негіз жоқ екенін айтты.
Дегенмен шенеуніктерге жеке дау сияқты көрінетін жағдайларға араласпай, мемлекет мүддесі үшін әрекет етуді міндеттейтін әдеп кодексі еске салынды.
Қазіргі уақытта Александр Пак ауруханадан тергеу изоляторына ауыстырылып, іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Соңғы жаңалықтар