"Үй екі рет толық тінтілді": Атыраудағы жоғалған отбасыға қатысты тың дерек айтылды

29.01.2026 14:01 Мөлдір Талғат Мөлдір Талғат
659
Фото: коллаж politico.kz

Атырау облысында із-түссіз жоғалып кеткен отбасыға қатысты іс әлі де қоғам назарында. Оқиғаға байланысты жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Журналист Жанат Молдашова әлеуметтік желідегі парақшасында соңғы жиырма күннен астам уақыт бойы бұл іске қатысты түрлі бейресми ақпараттар тарап жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, желіде жүрген мәліметтердің рас-өтірігін нақты айту әзірге мүмкін емес. Ал марқұмдардың туыстары тараған ақпараттардың көпшілігін жалған деп отыр.

Журналистің мәліметінше, қазіргі уақытта құзырлы органдар Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты ресми ақпарат таратпай отыр. Соған қарамастан, жоғалып кеткен Наурыз, Мейрамгүл, Ақбаян және күдікті Сұлтан Сәрсемалиевті іздестіру жұмыстары тоқтатылмаған.

Сондай-ақ Жанат Молдашова Жангелдин ауылында қылмыс жасалған, марқұмдардың мәйіті табылған үйдің тексерілуіне қатысты Атырау облыстық прокуратурасынан ресми жауап алғанын айтты. Прокуратура өкілдерінің мәліметінше, аталған үй екі рет толық тінтілген, соңғы тексеру өткен аптада жүргізілген.

Журналист қоғам тарапынан “неге үнсіздік сақталып отыр?” деген сұрақтардың көп екенін айтып, ресми мәлімдеме берілген жағдайда оны міндетті түрде жариялайтынын жеткізді. Оның сөзінше, кейбір ауыр қылмыстардың тергеуі ұзаққа созылуы мүмкін, ал істің барлық мән-жайы күдікті қолға түскеннен кейін ғана толық анықталмақ.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий