«Үй қалай қабылданған?»: Ұлдана ісі бойынша сотта сұмдық дерек айтылды
Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қаза болуына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Сот отырысында қайғылы оқиға болған үйде тұратын Валерия Самсонова куәгер ретінде жауап берді, деп хабарлайды Politico.kz
Оның айтуынша, сараптама кезінде ғимараттың техникалық жағдайы тексеріліп, нысан апатты деп танылған. Үйге апаттылықтың төртінші санаты берілген. Зерттеу барысында құрылыс конструкцияларында арматуралық тор, бекіткіш элементтер мен қажетті ерітіндінің жоқ екені анықталған.
Самсонова бұл үйде жиырма жылдан астам уақыт тұратынын айтты. Оның сөзінше, тұрғындар ғимарат қабырғаларының құлау қаупі бар екенін білмеген.
«Мен бұл үйде 20 жылдан астам тұрып келемін. Қабырғалардың кез келген уақытта құлауы мүмкін екенін білмедім. Егер құрылыс кезінде осындай кемшіліктер болған болса, нысан қалай салынды және оны қалай қабылдап алды?» – деді ол сотта.
Куәгердің айтуынша, қасбет бөліктері құлағаннан кейін ғимарат қабырғаларында жарықтар байқала бастаған. Самсонова қасбет конструкцияларының бұған дейін-ақ құлау қаупі болғанын жоққа шығармады.
Қазір тұрғын үйді күшейтіп, құрылымын қалпына келтіру қажет. Алайда бұл жұмыстарды тұрғындардың өз қаражатына жүргізуге мүмкіндігі жоқ.
«Жөндеу жұмыстары уақытында жасалмаса, қабырғалардағы жарықтар ұлғая береді. Мұндай көлемдегі шығынды тұрғындардың өздері көтере алмайды. Біз құрылыс саласының маманы емеспіз, сондықтан үйдің бастапқыда қандай кемшіліктермен салынғанын өзіміз анықтау мүмкін емес», – деді Самсонова.
Сондай-ақ куәгер екінші кіреберісте нығайту жұмыстары жүргізілгеннен кейін бірінші кіреберістің қабырғаларында да жаңа жарықтар пайда болғанын айтты.
Соңғы жаңалықтар