"Вайб": Пашинянның қазақша әнмен түсірген видеосы министрге ұнады
Астанаға ресми сапармен келген Армения Премьер-министрі Никол Пашинянның қазақша әнмен жариялаған видеосы көптің көңілінен шықты. Бұл ерекше бейнежазбаға Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев та пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Естеріңізге сала кетейік, Армения үкіметінің басшысы елордадағы сәтінен видео жүктеп, оның фонына қазақша ән қойып, қазақстандықтарға ыстық сәлемін жолдаған болатын.
Ақорда кулуарында журналистер ведомство басшысынан шетелдік қонақтың желідегі бұл белсенділігі туралы сұрады. Министр әріптесінің бұл қадамын жылы қабылдап, оны жастардың тілімен «вайб» деп атады.
«Кез келген адамның бойында өзіне тән ерекше "вайб", яғни, ішкі энергетика болуы керек қой. Өте қызықты, әрі жағымды әсер қалдырады екен. Бұл оны тек ресми тұлға емес, қарапайым адам ретінде көрсетеді. Әйтпесе, біз басшы десе, тек қабағы қатулы, қатал адамды елестетуге үйреніп қалғанбыз», – деді министр.
Сондай-ақ, сыртқы саясат ведомствосының басшысы бұл жағдайды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әйгілі видеосымен салыстырды.
«Естеріңізде болса, кезінде біздің Президент те тақтай сындырып, көпшілікті таңғалдырған еді ғой. Бұл да сол сияқты, өзінше бір бөлек атмосфера сыйлайтын сәт», – деді Ермек Көшербаев.
Соңғы жаңалықтар