Вьетнамнан жеткізілді ме: Іздеудегі Қайсар Қамза күзетпен әуежайда көзге түсті
Халықаралық іздеуде болған блогер Қайсар Қамзаны Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланып жатқан болуы мүмкін, деп хабарлайды Politico.kz журналист Михаил Козачковқа сілтеме жасап.
Журналистің айтуынша, желіде тараған суреттерде Қайсар Қамзаны Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкеріне ұқсайтын ер адамның бақылауымен жүргені көрінеді.
Қайсар Қамзаға 2026 жылдың қаңтар айында халықаралық іздеужарияланған болатын. Тергеу мәліметінше, Instagram желісінде 2 миллионнан астам оқырманы бар блогер елімізде тыйым салынған онлайн-казиноны 400 мыңнан астам жазылушысы бар жабық Telegram-арнасы арқылы жарнамалаған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, заңсыз казино шетелдік Pin-Up букмекерлік бренді атынан жұмыс істеген.
Пайдаланушылар Қазақстанда тыйым салынған құмар ойын сайттарына бағытталған. Сонымен қатар тергеу барысында блогерден шамамен 200 мың АҚШ долларына тең криптовалюталық активтер анықталған.
Қылмыстық іс қозғалғаннан кейін Қайсар Қамза Қазақстаннан кетіп қалған. Сәуір айында ол Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Вьетнамда ұсталған.
Мамыр айында блогер қамауға алынбағанын, тек Вьетнамның көші-қон қызметіне жүгінгеннен кейін төлқұжатынан айырылғанын мәлімдеген еді.
Politico.kz редакциясы оқиғаның мән-жайын білу үшін Қаржылық мониторинг агенттігіне сауал жолдады. Материал жарияланған сәтте оның Қазақстанға экстрадицияланғаны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Соңғы жаңалықтар