Заңгер: Бізде есірткіні ашық насихаттап жүрген әншілер бар

22.07.2026 21:32 Томирис САҒЫНДЫҚ
Заңгер: Бізде есірткіні ашық насихаттап жүрген әншілер бар
63
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Белгілі заңгер әрі құқық қорғаушы Нұрсұлтан Орынбек отандық эстрада жұлдыздарының арасында өз шығармашылығы арқылы есірткіні насихаттап жүргендердің бар екенін ашық айтып, мұндай заңсыз әрекеттерге түбегейлі тосқауыл қою қажеттігін алға тартты, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы заңгер "Адал Адам" подкастында айтты.

«Осы мәселені қозғағанымда, көптеген журналист әріптестерім де, заңгерлер де маған түрліше қараған еді. «Қаракесекке» қатысты дау туындаған кезде: «Оның әндерінің өзінде есірткіге қатысты романтика бар» — деп айтқанымда, көбі мазақтап күліп, жаңалықтарға теріс бағытта шығарды. Пікір жазғандардың да басым бөлігі маған қарсы шығып, сөзімді күлкіге айналдырды. Ал одан кейін не болды? Ол есірткіге қатысты айыпталып, сотталып кетті. Сәйкесінше, оның бұл ісіне менің сөзім тікелей себеп болмаған шығар, бірақ үлкен сәйкестік бар. Әр адам өзінде бар нәрсемен бөліседі ғой. Ақын ішкі жан дүниесін, өзі көре алған нәрсені береді. Сол сияқты блогерлердің әндерінде де, әдет-әрекеттері мен қимыл-қозғалыстарында да тура жарнама болмаса да, жанама түрде оқырмандары мен артынан ерген жастарымызға кері әсері тиеді», — деді Нұрсұлтан Орынбек.

Мұнымен қатар, ол қоғамда үлкен резонанс тудырған Жузефина кейсіне де тоқталып өтті.

«Тікелей эфирге шығып, шар үрлеп, аузына келгенін айтқан Жузефина да жауапкершілікке тартылды. Өйткені мұндай әрекеттер жастар арасында қалыпты құбылысқа айналып бара жатқан еді. «Әркім ішсе ішер, шексе шегер, шар үрлесе үрлер» деген сөздердің нормаға айналуы — өте қате тенденция. Әрине, бұл бағытта полиция дер кезінде әрекет етіп, тиісті шараларды қабылдап жатыр, ол үшін оларға ризашылығымызды білдіреміз. Дегенмен, мәселенің түп-тамыры мәдениетке, ағартушылыққа келіп тіреледі. Өз басым өнерге немесе өзге де салаларға цензура қоюға қарсымын. Бірақ сахнаға есірткіге мастанған күйде шығу, аузына келгенін айту — қалыпты жағдай болмауы тиіс. Ондай әрекеттер өз уақытында, дер кезінде тыйылып отыруы керек. Сонда ғана бұзақылық тоқтайды. Қысқасы, өнер адамдарына нақты талап қойылуы қажет», — деді құқық қорғаушы.

Войдите, чтобы оставить комментарий