Шымкентте жалдамалы пәтердегі екі бала өлімінің себебі анықталды
Шымкенттің «Восток» шағынауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде қайғылы оқиға болды: жалдамалы пәтерде екі бала көз жұмып, тағы үш адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды Politico.kz.
КТК арнасының мәліметінше, бірінші қабаттағы пәтерді екі отбасы — екі ересек адам және үш бала жалдап тұрған. Тұрғындардың бірі соңғы демі қалғандай туыстарына қоңырау шалып, көмек сұрап үлгерген.
Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметкерлері 4 жасар ұл мен 15 жастағы қыздың көз жұмғанын анықтады. Қалған үш адам есін жиған соң ауруханаға жеткізілді.
«Науқастарға ауыр дәрежедегі улы көміртегі тотығымен (иіс газымен) улану диагнозы қойылды. Жағдайлары тым ауыр болғандықтан, қабылдау бөлімін айналып өтіп, бірден реанимацияға жатқызылды», — деді Шымкент қалалық гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері Мәдина Ермаханбетова.
Қазіргі уақытта дәрігерлердің бақылауында 27 жастағы әйел мен оның үш жасар қызы жатыр. Бүлдіршін әлі де реанимацияда, ал анасы палатаға ауыстырылған. Үшінші зардап шегуші үйіне жіберілді.
Көршілер қайғылы оқиғаға табиғи газ бен ескі газ бағанасы себеп болғанын, түтін тартқыш жұмыс істемегенін айтады. Алайда газ мамандары бұл нұсқаны әзірге нақты растаған жоқ. Тексеру кезінде ауадан газ концентрациясы анықталмаған, бірақ өрескел заңбұзушылық белгілі болған.
«Шынын айтқанда, бұл үй су жылытатын газ бағаналарын орнатуға арналмаған. Сондықтан мұндай құрылғыны қосу заңбұзушылық болып саналады. Бірақ нақты осы себептен болды деп кесіп айта алмаймын», — деп түсіндірді «QazaqGaz Aimaq» Шымкент филиалының бөлім бастығы Нұрбек Рахманов.
Оқиғадан кейін пәтер мөрленіп, бүкіл үйден газ өшірілді. Қайғылы оқиғаның нақты себебін полиция мен сарапшылар анықтап жатыр.
Соңғы жаңалықтар