Жетісуда 4,5 миллиард теңгелік жолдың жолы болмады
Жетісу облысында 4,5 миллиард теңгеге салынған жол әлі ресми пайдалануға берілмей жатып сыр бере бастаған. 7 шақырымдық айналма жолдың асфальты үгітіліп, көпірдің бекіткіш темірлері ажырап кеткен. Ал жауаптылар құрылыс әлі толық аяқталмағанын айтып отыр, деп хабарлайды Politico.kz 31 арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.
Әңгіме Сарыөзек кентін айналып өтіп, Жаркентке, одан әрі Қытайға апаратын республикалық маңызы бар жол туралы болып отыр. Бұл бағытпен жеңіл көліктер ғана емес, ауыр жүк машиналары да күндіз-түні қатынайды.
Алайда жүргізушілер жаңадан төселген асфальттың қазірдің өзінде қопарылып жатқанына наразы. Олардың айтуынша, жолдың кей тұстары үгітіліп, көпірдегі бекіткіш темірлер ажырай бастаған.
Тіпті көпірге орнатылған кейбір темір бөлшектерді қолмен-ақ жұлып алуға болады екен.
Көлік жүргізушілері күзгі және көктемгі су тасқыны кезінде жолдың одан сайын бүлінуінен қауіптенеді. Оларды көпірдің беріктігі де алаңдатып отыр. Жұрт көпірдің бір күні ортасынан опырылып түсуі мүмкін деп қорқады.
Қыруар қаржы бөлінген жолдың мұндай күйге түсуін жүргізушілер ақшаның желге ұшуымен теңестіріп отыр.
«ҚазАвтоЖол» не дейді?
Жол сапасына қатысты сынға «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Жетісу облыстық филиалы жауап берді.
Компания өкілдері көпір құрылысындағы кемшіліктер тексеріс кезінде анықталғанын растады. Қазір мердігер ұйым ақауларды өз қаражатына жөндеп жатыр екен.
Филиал директоры Жасұлан Қалтаевтың айтуынша, құрылысқа жауапты компанияға кемшіліктерді жою талабы қойылған.
«Анықталған кемшіліктер бойынша мердігер ұйымға шағым хат жолданып, техникалық қадағалау қызметіне тиісті нұсқама берілді. Барлық ескертулер толық реттеліп, жобалық құжаттамаға сәйкестігі расталғаннан кейін ғана нысанды түпкілікті қабылдау және есеп айырысу заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады», – деді Жасұлан Қалтаев.
Жол ашылмаған, бірақ көліктер жүріп жатыр
Мамандардың түсіндіруінше, айналма жол әлі ресми пайдалануға берілмеген. Себебі құрылыста анықталған кемшіліктер толық түзетілмеген.
Жалпы құны 4,5 миллиард теңге болатын жобаға тек жол төсеу ғана емес, жарық шамдарын орнату және айналаны абаттандыру жұмыстары да кіреді.
Дегенмен бұл жерде түсініксіз бір жайт бар. Жауаптылар жолдың әлі қабылданбағанын айтқанымен, көліктердің жүруіне тыйым салатын белгілер орнатылмаған.
Соның салдарынан жеті шақырымдық жолмен жеңіл көліктер де, ауыр жүк машиналары да емін-еркін жүріп жатыр.
Айта кетейік, Алматыда жол опырылып, көліктер шұңқырға түсіп кеткен болатын.
Соңғы жаңалықтар