Зеленский: Ресей бейбітшілік туралы келісімге қарамастан Украинаны атқылауын жалғастыруда

Украина президенті Владимир Зеленский Telegram арнасында Ресей басшысы Владимир Путиннің бейбітшілік туралы мәлімдемелеріне қарамастан, ресейлік әскердің украиналық азаматтық инфрақұрылымға шабуыл жасап жатқанын айтты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Зеленскийдің айтуынша, түнде Ресей әскері Украинаның бірнеше аймағына ирандық өндірістегі «шахед» дрондарымен шабуыл жасаған.
«Қазір аспанда шамамен 40 «шахед» жүр. Әуе қорғаныс жүйесі барынша жұмыс істеп тұр», – деп жазды Украина президенті әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның сөзінше, шабуылдар салдарынан бірқатар азаматтық нысандар қиратылып, Сумы қаласындағы ауруханаға дрон түсіп, ғимаратқа айтарлықтай зиян келген. Сондай-ақ, Донецк облысындағы бейбіт қалалар да шабуылға ұшыраған.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамптың баспасөз қызметі Путинмен телефон арқылы әңгімеден кейін тараптарға энергетикалық инфрақұрылым нысандарына шабуыл жасамауды ұсынған болатын. Кремль болса, Путин бұл ұсынысты қолдап, әскерге тиісті бұйрық бергенін хабарлаған еді.
Алайда Зеленский Ресейдің бұл келісімді бұзып, шабуылдарын жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Ол тұрақты әрі нақты бейбітшілікке қол жеткізу үшін халықаралық қауымдастық Ресейге қысымды күшейтуі керектігін атап өтті.
Соңғы жаңалықтар





