Зеленский: Ресей бізге соғыс алып келді, енді біз оны кері итеруіміз керек

Украина президенті Владимир Зеленский Telegram арнасында жариялаған мәлімдемесінде шабуыл салдарынан 90-ға жуық адамның зардап шеккенін айтты. Сума қаласында мектеп пен тұрғын үйлердің маңында болған жарылыстан кейін құтқару операциясы жалғасып жатыр, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Олардың арасында 17 бала бар. Президенттің айтуынша, жарылыстың эпицентрі мектеп болған, алайда балалар сол сәтте ғимарат ішіндегі баспанада болғандықтан, аман қалған.
"Қазір Сумада және өзге де елдімекендерде құтқару операциясы жүріп жатыр. Барлық қызмет жұмылдырылды: Украина ТЖМ, Ұлттық полиция, медициналық және коммуналдық қызметтер. Мен адамдарға көмектесіп жатқан, украиналықтардың өмірін құтқарып жатқан барша азаматтарға алғыс білдіремін", – деді Зеленский.
Ол өз сөзінде Ресейдің соғысты Украинаға күштеп таңғанын атап өтті.
"Әрбір күн, әрбір түн – бұл жоғалтулар, бұл қайғы мен қасірет. Украина ешқашан соғыс іздеген жоқ. Бұл соғысты Ресей алып келді. Сондықтан біз оны Ресейге кері итеруіміз керек. Ресейді бейбітшілікке мәжбүрлеу керек", – деп жазды ол.
Зеленский халықаралық серіктестерге қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, Украина қауіпсіздігін сақтау жолында атсалысқан барша азаматтарды атап өтті.
Соңғы жаңалықтар





