Савельева мен Бекмановтың Қорғаныс министрлігіндегі міндеттері белгілі болды
Әскерде қызмет етпеген, әскери шені де жоқ. Соған қарамастан Қорғаныс министрінің орынбасары атанған Татьяна Савельева мен Дәулет Бекмановтың ведомствода немен айналысатыны белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Қорғаныс министрлігі Informburo.kz басылымының ресми сауалына берген жауабында екі шенеуніктің де азаматтық қызметкер екенін түсіндірген. Бұрынғы депутат Татьяна Савельева экономика мен қаржы мәселелеріне жауап береді. Ал «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның бұрынғы басшысы Дәулет Бекманов цифрландыру саласына жетекшілік етеді.
Министрліктің мәліметінше, екеуінің де әскери немесе арнаулы шені жоқ. Орынбасар қызметіне тағайындалғанда да мұндай шен берілмеген.
«Олардың атқарып отырған қызметі әскери қызмет өткеруді және әскери киім киюді талап етпейді», – деп түсіндірді министрлік.
Дәулет Бекманов 24 қыркүйекте президент жарлығымен Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалды. Бұған дейін әскери салада жұмыс істемеген.
Ал Татьяна Савельева 7 қазанда министр орынбасары қызметіне кірісті. Ол 2023 жылдан бастап Мәжіліс депутаты болды, оған дейін қаржы вице-министрі қызметін атқарған. Биыл жаздан бастап І шақырылымдағы Құрылтай депутаты болған.
Соңғы жаңалықтар