Бишімбаевтың бұрынғы әйелі тағы да сотқа тартылды: Назым Қаһарманнан 22 млн теңге талап етті
Сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы жұбайы Назым Қаһарман оның туыстарымен арада жаңа сот процесі басталғанын мәлімдеді. Бұл – оған қарсы түскен бесінші шағым. Бұл жолы қарсы тарап одан 22 миллион теңге өндіріп алуды талап етіп отыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Даудың мән-жайы
Назым Қаһарманның айтуынша, бұл жолғы дау елордадағы «Хайвилл» тұрғын үй кешенінде орналасқан коммерциялық нысанға байланысты туындаған. Некеде болған кезде ол осы жылжымайтын мүлікті басқарып, жалға берушілер тауып, түскен табысты алып отырған.
Ажырасқаннан кейін басқару Бақытжан Байжановқа өткен. Кейін Назым он ай бойы бұл нысанмен қайта айналысып, түскен қаражатты ортақ балаларының қажеттіліктеріне жұмсаған.
«Түскен барлық сома балалардың мектебіне, алиментке, денсаулығына, демалысына, дәрігерлер мен репетиторларға жұмсалды. Яғни, мұның барлығы алимент есебінен өтелген өзара есеп айырысу болатын. Әрбір шығын егжей-тегжейлі жазылып, көрсетілді. Екінші тарап бұл жағдайдан толық хабардар еді және барлығына келіскен болатын», – дейді ол.
Қаһарман бұл талаптарды негізсіз деп санайды. Оның айтуынша, бұрынғы күйеуінің туыстары бұл уағдаластық туралы жақсы білген, бірақ бірнеше жыл өткеннен кейін ақшаны қайтаруды талап етіп отыр.
Алғашқы сот отырысы 19 қазанда өтті. Келесі сот тыңдауы 11 қарашаға белгіленген. Оның мүддесін сотта адвокат қорғауда.
Бұрынғы отбасына базына
Назым Қаһарманды бұрынғы жұбайының туыстары сотқа дәл қазір – ұлы Мансұр мектеп бітіріп, шетелдік университеттерге оқуға түсуге дайындалып жатқан уақытта жүгінгені қатты ашындырған. Ол балаларына жаңа сот талабы туралы олар өтінімдерін тапсырып болғаннан кейін ғана айтқан.
«Неге бір-екі ай күте тұрмасқа? Осы үш жыл бойы күттіңіздер ғой. Баланың мектепті бітіріп, оқуға түсуін неге тағы бір жыл күте алмадыңыздар?» – деп сұрақ қойды ол Бишімбаевтың ата-анасына.
Сондай-ақ ол дау тудырып отырған 22 миллион теңге туыстарының келісімі бойынша балаларды асырауға жұмсалғанын, ал енді өзі де алимент өндіру бойынша сотқа талап-арыз беретінін мәлімдеді. Назымның сөзінше, бұл жағдайда оның қоятын талап сомасы бұдан да көп болуы мүмкін.
Қазан айында Астана қаласының экономикалық соты Бишімбаевтың анасының бұған дейінгі талап-арызын ішінара қанағаттандырған болатын. Талап етілген 14 миллион теңгенің 6,6 миллионы «NazKa» ЖК-нен өндірілді. Ал 10,6 миллион теңгеге қатысты тағы бір арызды сот қараусыз қалдырды.
Еске сала кетейік, 2024 жылы Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі жұбайы Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп жатыр.
Соңғы жаңалықтар