Зеленский Тоқаевқа алғыс айтты

25.08.2026 17:10 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Зеленский Тоқаевқа алғыс айтты
149
Фото: president.gov.ua

Украина президенті Владимир Зеленский Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын білдірді. Ол Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай жолданған құттықтау хатын көпшілікке жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.

25 тамызда жарияланған жазбасында Украина басшысы құттықтаған барлық азаматтарға рақмет айтқан. Оның ішінде Тоқаевтың атына арнайы лебізін білдірді.

«Құрметті Президент Тоқаев, жылы лебізіңіз үшін алғыс айтамын. Украина Қазақстанмен арадағы өзара сыйластық пен түсіністікке негізделген достық қарым-қатынасты жоғары бағалайды. Біз екі халық арасындағы көпжылдық байланыстарды құрметтейміз. Сізге әрқашан табыс тілеймін. Ал дос пейілді Қазақстан халқына бейбітшілік пен амандық, құт-береке тілеймін», – деді Владимир Зеленский.

Зеленский өз жазбасында Тоқаевтың 24 тамыз күні жіберген жеделхатын да жариялады. Қазақстан президенті хатында ел тарихындағы айтулы күн халықтың бірлігі мен рухын бекемдеуіне тілектес екенін жазған. 

«Құрметті Владимир Александрович!

Украина Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай жолдаған құттықтауымды қабыл алыңыз.

Ел тарихындағы бұл айтулы күн халқыңыздың бірлігі мен рухын бекемдеп, мемлекеттіліктің мызғымас тұғыры бола беруіне тілектеспін.

Қазақ халқы украин халқының тарихына, салт-дәстүріне, мәдениетіне, ұлттық тіліне үнемі шынайы құрметпен қарауда.

Қазақстан мен Украинаны өзара сыйластық пен түсіністікке негізделген мемлекетаралық қатынастар және халықтарымыздың көпжылдық достығы байланыстырады. Біз осы достық рухындағы ынтымақтастықты екіжақты мүддеге сай одан әрі дамытуға әзірміз.

Құрметті Президент мырза, қызметіңізге сәттілік, барша отандасыңызға бейбітшілік пен құт-береке тілеймін.

Ізгі ниетпен, Қасым-Жомарт Тоқаев», – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Еске сала кетейік, 24 тамыз Украинаның басты мемлекеттік мерекесі саналады. Биыл елдің егемен мәртебесін қалпына келтіргеніне 35 жыл толып отыр. Ресми шежіре 1991 жылдың 24 тамызынан бастау алады. Бұл күні Украина КСР Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс сессиясы өтті. Онда Украина тәуелсіздігін жариялау актісі атты тарихи құжат қабылданған болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий