«Жағдайын сұрап келді»: Димаш Құдайберген қатерлі ісікке шалдыққан жанкүйерінің соңғы арманын орындады
Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі парақшасында әнші Димаш Құдайберген туралы әсерлі жазба жариялады. Келіншек Димаш Құдайбергеннің қатерлі ісікке шалдыққан күйеуінің жағдайын сұрап, ауруханаға келгенін айтады. Сүйікті әншісін көрген науқас бой жазып қалған, деп хабарлайды Skifnews.kzақпарат порталы.
Желі қолданушысы Мұхан есімді күйеуінің қатерлі ісікке шалдығып, Алматыдағы онкологиялық ауруханада ұйқы безіндегі метастаздарды алып тастау үшін отаға дайындалып жатқанын айтады.
“2024 жылы ақпан айы. Алматыда Абай көшесіндегі онокологиялық ауруханада Мұханды отаға дайындап жүрген едік. Мұхан Димаштың жанкүйері еді. Жиеніміз Салтанат Димаштың электронды поштасына ағасының жағдайы туралы және оның Димаштың өнерін жақсы көретіні жайлы хат жазыпты. Димаштың өзі көбіне әлеуметтік желіні қарамайды, электронды поштаны ашып оқымайды екен. Бірақ жиеніміздің жазған хатын кездейсоқ көріп қалған. Сол кезде ол Алматыдан Ыстамбұлға ұшқалы отырған. Сонда гала концерт өткізбек екен. Сөйтіп ол әуежайға кетіп бара жатып, жол жөнекей ауруханаға кірген. Осылайша Мұханның жанында болып, көңілін аулағысы келген”, – деп жазды келіншек.
Димаш Құдайберген жанкүйеріне осылайша күтпеген тосынсый жасаған.
“Димаш “20 минутта боламын” деп хабарласқанда өз құлағымызға өзіміз сенбедік. Қатты қобалжыдық. Абдырап қалғанымыз сонша не туралы сөйлесеміз деп ойланып қалыппыз. Димаш келетін кезде күйеуім емделіп жатқан бөлім у-шу болып кетті. Басқа науқастар бөлімге жиналып қалмас үшін Димашты басқа есіктен кіргізді. Бұл кездесуді ешкім күтпеді. 24 ақпан, сенбі күні еді. Димашпен суретке түсу үшін медицина қызметкерлері кезекке тұрды. Димашпен жеке сөйлесу үшін бізге 10 минутқа қонақ бөлмені берді. Димаш ем барысын сұрап, алдағы уақытқа жоспарын бөлісті, жұмысы жайлы және Отанын қалай жақсы көретіні туралы айтты. Өзінен қандай көмек керегін сұрады. Бірақ Димаштан көмек сұрауға қысылдық. Біз үшін сол кездегі Мұханның эмоциялық жағдайы маңызды еді”, – делінген жазбада.
Желі қолданушысы өнер иесінің жанкүйерінің жағдайын сұрап келгеніне ұзақ уақыт сене алмағанын жеткізді. Айтуынша, ол дертпен күресіп жүрген күйеуіне барынша қолдау көрсетіп, сырқатты жеңетініне сенген. Алайда тағдырдың жазуымен ер адам араға тура екі ай салып, дүниеден озған.
Әсерлі жазбаны оқыған желі қолданушылары марқұмның әйеліне көңіл айтып, жанкүйерінің арманын орындаған өнер иесіне алғыс білдірді.
“Дүниеден кетер алдында Димаш қуантқан екен ғой. Жатқан жері жайлы болсын”, “Димаш, аз уақытқа болса да жанкүйерін бақытқа бөлеген екен. Алла разы болсын”, “Күйеуіңіздің арманы орындалды, әлем таныған Димашпен кездесті. Иманды болсын”, “Осындай бақытты сәттердің өзі неге тұрады?! Жанкүйерін ауруханаға іздеп келген Димашқа рахмет”, – деп жазды желідегілер.