Жамбыл облысында аурухана жұмысшылары кәріз құдығында уланып мерт болды
Жамбыл облысының Шу қаласында кәріз құдығына түскен аурухана жұмысшылары мерт болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Шу қаласында болған қайғылы оқиға салдарынан аурухананың бірнеше жұмысшысы кәріз құдығына түсіп, улы газға уланды. Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады.
Куәгерлердің айтуынша, алдымен кәріз жүйесін жөндеуге түскен сантехник тұншығып, көмекке шақырған. Оның даусын естіген зертхана қызметкері әріптесін құтқармақ болып, тереңдігі шамамен үш метр болатын құдыққа түскен. Алайда ол да есінен танып қалған.
Кейін екі әріптесін аман алып қалуға ұмтылған үшінші қызметкер де құдықтан шыға алмай қалған. Салдарынан үш адамның екеуі оқиға орнында көз жұмса, үшінші болып түскен сантехник аман қалып, қазір дәрігерлердің бақылауында жатыр.
Жамбыл облысының Денсаулық сақтау басқармасы жазатайым оқиға бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарымен жан-жақты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатөанын хабарлады. Аурухана әкімшілігі тергеу органдарына толық көлемде қолдау көрсетіп, жан-жақты ықпал етуде.
«Тергеу іс-шаралары аяқталғанға дейін расталмаған ақпаратты таратудан және ресми тергеу қорытындылары жарияланғанға дейін қандай да бір қорытынды жасаудан немесе пікір білдіруден аулақ болуларыңызды сұраймыз», - дейді денсаулық сақтау басқармасындағылар.
Ал полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғаған.
«Қылмыстық кодекстің 156-бабының 4-бөлігі – «Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», – деп мәлімдеді Жамбыл облысы полиция департаменті.
Тергеу аяқталғаннан кейін іс бойынша тиісті процестік шешім қабылданады.
Соңғы жаңалықтар